“Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!” деп аталған семинар

“Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!” деп аталған семинар

Тәуелсіздік оңайлықпен келмейді,

Бізге оны ешкім аяп бермейді.

Тәуелсіздік – Қайрат, Ляззат, Ерболдың,

Тас көшеде тас-талқан боп өлгені.

2017 жыл, Желтоқсан айының 13-ші жұлдызы күні, Тәуелсіздік мейрамына орай "Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!" деп аталған семинар – сабағы болып өтті. Семинарға жауапты әрі Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы және жалпы білім беру пәндер кафедрасының аға оқытушысы: Муздыбаева Толқын Абдығалымовна және Жалпы Медицина факультетінің 120,118-топтары ат салысты.

Міне, тәуелсізідігімздің арайлы таңы бүгін де атып, Қазақ елі Тәуелсіздігінің 27 жылдығын тойлауда. Бұл күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі.Тәуелсіздік – кешегі батыр бабалар өсиет еткендей, Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі.

Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас. «Түбін білмеген тексіз» деген қазақтың ғажап сөзі осындайдан шықса керек. Себебі, тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар ар – намысынан туындап жатқан жоқ па? Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Уақыт емші деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жан – жарасы жаңғырып, қайғының айықпас дертіне шалдыққаныңды терең сезіне түсесің. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін бе?

Қазір бұл күн Қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы, әрі бақытты күн. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы Қазақ халқында бұрын болмаған ең ауыр да, әділетсіз көтерілістің бірі екендігі баршамыздың көкейімізді әлі де теседі. Желтоқсан оқиғасы өзінің қайсарлығымен, алға қойған мақсат-мұратымен, тіпті жіберілген кемшіліктерімен де әрбір адамның есінде мәңгі сақталады.1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақтың басын біріктіріп, бір жұдырыққа жұмылдырған бақытты да, қайғылы күн еді. Желтоқсан жаңғырығы көзден де көңілден де кетер емес.Бүкіл бір ұлттың сүйегіне таңба түсіріп, әділетсіз шешім қабылданып, халықтыңар-намысы таразыға салынған сын сағатта дүлей күшке қаймықпай қарсы шыққан жастардың ерен еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі.

 Сол қараңғы күндерді еске ала отырып, студенттер аталмыш семинарды өз қолдарына алып, шағын іс-шара өткізді.  Желтоқсан ызғарында кеткен қазақ жастарының тағдырын айтып, рух алдық. Көрініс ретінде қойылған Қайрат Рысқұлбековтың абақтыға қамалуы желтоқсан жаңғырығында бір селк еткізді, көзімізге жас алып та қойдық.

Семинар соңында желтоқсан құрбандарының даңқы арта берсін деп бас иіп тағзым ете отырып, бір минут үнсіздікпен еске алдық. Және де, Муздыбаева Толқын Абдығалымовнаның бастауымен, ең бірінші болып, біз, 120,118- топтар Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың Семей қаласында орналасқан ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым еттік.

Біз тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қаншама қиыншылықтарды басымыздан өткіздік, енді осы тәуелсіздігімізді қадірлеп, қастерлеп, халқымыздың әл ауқатын жақсартуға, экономикасын ары қарай көтеруге, мемлекетіміздің гүлдеп жайнауына, демократиялық және құқықтық мемлекет құру жолында аянбай еңбек етуіміз қажет. Сол себепті, ардақты студенттер, білімдеріңізді шыңдата түсіп елімізді алға жетелеңдер!

Топ кураторы: МуздыбаеваТ. А

Хаттама авторы: 120 – топ студенті Толқынбекова А.Б

Жарияланды: