Наурыз – қазақ халқының және  басқа түркі елдерінің тойланатын басты мейрамы

Наурыз – қазақ халқының және басқа түркі елдерінің тойланатын басты мейрамы

Наурыз – қазақ халқының және  басқа түркі елдерінің тойланатын басты мейрамы болғанына 5000нан астам жыл болды. Сол орайда университетіміздің Қоғамдық Денсаулық Сақтау кафедрасында 501 ЖМ және 407 ҚДС студенттерінің ұйымдастыруымен Наурыз мейрамы тойланды. Мерекеге Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының ұстазы Нурмуканов Дулат Кабденұлы арнайы шақырылды.

   Наурыз – жыл басы. Парсы тілінде "нау" – "жаңа", "руз" – "күн" деген ұғымдарды білдіреді. Халық наурыз мерекесіне алдын – ала дайындалады. Дәстүр бойынша үйге қос шырақ жағылады, ыдыстар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл – тоқшылықтың белгісі. Табиғатпен байланыс күн Анаға деген тағзымнан көрінеді. Бұл күні бұлақтар тазартылып, ағаштар отырғызылған. "Бұлақ көрсең, көзін аш!", "Бір тал ексең, он тал ек!", деген сөз осыдан шыққан болу керек. Наурыз – достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның басты асы наурызкөже болған. Наурызкөже жеті түрлі тағамнан жасалған. "Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!" деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата – үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: "Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!" – деп бата береді.

Дәстүр бойынша Наурыз айтыс өткізіледі. Бұл жақсылық пен жамандықтың, суық пен жылының, жаз бен қыстың айтысы.

Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. "Көкпар", "Бәйге", "Қыз қуу", "Жамбы ату" ойындары аса бір қуанышпен өтетін. Көңілді өткен Наурыз күні әр адамның есінде көпке дейін сақталатын.

 

 

 Қоғамдық Денсаулық Сақтау кафедрасы

501 ЖМ пен 407 ҚДС студенттері

 

 

Жарияланды: