Қазақ, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген жастар арасындағы «Тілдарын» қалалық олимпиада

Семей қаласының мемлекеттік медицина университетінің филологиялық пәндер кафедрасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын, «Үш тілде  білім беру» бағдарламасын іске асыру аясында  университеттің «Көптілік жобасы» негізінде қазақ, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген жастар арасында  «Тілдарын» қалалық олимпиада өткізді. Сайысқа   қаладағы барлық   жоғарғы оқу  орындары мен колледждің 1-2 курс студенттері қатысты.

Олимпиада 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең  «Жас аудармашы»  бөлімінде   мәтінге ілеспе аударма жасады. Екінші кезең «Тіл шебері»  ораторлық қабілеті мен көпшілік алдында  сөйлеу өнерін айқындауға арналған тапсырмада затты 3 тілде жарнамалау  болды. Қалалық олимпиада шартын толығымен орындаған студенттер  жүлделі орындар, алғыс хаттармен марапатталды.

Бас жүлдені  геологиялық барлау колледжінің геологиялық суретке түсіру, пайдалы қазба кен орындарын іздеу мен  барлау  факультетінің 2 курс  студенті Ж.Ж.Аширов, І орынды  М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі бастауыш білім беру мамандығының 2 курс студенті  А.А. Мусабек, ІІ орынды Семей қаласының мемлекеттік медицина университетінің  жалпы медицина мамандығының 1 курс студенті А.Болатқызы,  ІІІ  орынды Шәкәрім  атындағы мемлекеттік университетінің  биотехнология мамандығының  1 курс  студенті  Р.М. Сматулла  иеленді. Студенттердің жауабын  тыңдап, бағалау үшін  Семей қаласы Тілдерді оқыту  орталығының тіл мамандары М.М.Мырзаханова, Б.С.Қалиева, Е.Н.Сағындықова  әділқазылар алқасы құрамына шақырылды. Сайысқа қатысушы студенттер тіркеу бөлмесінде  сандар таңдап, таңдаған сандары бойынша жауап беріп,   марапаттау кезінде  ғана   қай оқу орнының студенті екені анықталды. Кураторлық топ студенттері   дәрісханаларды  дайындап, олимпиаданың өту  барысында   оқытушыларға көмектесті.

Көп тілді білу – заман талабы. Ел мен елді, халық пен халықты байланыстыратын көпірдің бірі де осы  – тіл.  Бірақ, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген халқымыздың даналық сөзін жадымыздан  шығармай, мемлекеттік тілімізді құрметтеп, бір-бірімізбен қазақ  тілінде сөйлесу  азаматтық парызымыз. 

Филологиялық пәндер кафедрасының

 оқытушысы   Н.М.Абешова

 

Жарияланды: