«Алтын күз» мерекесі

  Семей қаласы Мемлекеттік Медицина университетінің «Еріктілер ұйымы» 2018 жылдың 10-қазаны күні «Нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернаты» Коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болып қайтты.   

     «Еріктілер ұйымының» белсенді түрде қатысуымен, күз мезгіліне байланысты «Алтын күз» мерекесі ұйымдастырылды. Бұл мерекеде мектеп-интернат оқушылары бар өнерін салып, көрермен қошеметіне бөленді және кештің қорытынды бөлімінде «Алтын күз ханшайымы» анықталды. Мерекелік-шара барысында  еріктілер де өз өнерін көрермен халыққа көрсетті, атап өтер болсақ, Хайратбек Арайлымның орындауында «Мұңайма» əні шырқалып, Оразаева Баянның музыкалық аспаппен сүйемелдеуі арқылы вальс биі орындалды. Сонымен қатар мектеп – интернаттың 7-9 сынып оқушылары мен ерікті студенттер арасында волейбол ойыны ойнатылды. Ұйымдастырылған бұл шара өте жоғары деңгейде өтті және барлығының көңілінен шықты.

     Мерекелік кеш соңында мектеп – интернат директоры Валиулина Сауле Токтасынқызы және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Татьяна Юрьевна өткізілген шараға орай «Еріктілер ұйымын» алғыс хатпен марапаттап, университет ректоры Жүнісов Ерсін Тұрсынханұлы мен ұйым жетекшісі Кульгимбаева Арайлым Шаймуратқызына, сонымен қатар ұйым координаторы Ертаев Асылханға өз ризашылығын білдірді.

     Алғыс хат сөздерінен: ««Нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернаты» Коммуналдық мемлекеттік мекемесі ерекше білім беруге қажеттігі бар балаларға деген қамкорлығы және өскелең жас ұрпақты тәрбиелеуде зор үлес қосқаны үшін Семей қаласының медицина университетінің «Еріктілер ұйымының» еріктісі Ертаев Асылханға ізгі ниетпен алғысын білдіреді».

 

 

Жарияланды:
Рубрикалар: Қоғамдық өмір