2018 жылдың 17-ші қазанында «Рухани жаңғыру» аясында қоғамдық денсаулық сақтау мамандығының 101,102 топтары куратормен университетте жұмыс жасайтын Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы мұражайға саяхат жасады. Мұражай қызметкері Айгүл Жақсылықовна қазақтың батыр қызы Мәншүктің өмірбаянын тартымды етіп баяндап берді. Мәншүктің азан шақырып қойған аты Мәнсия екенін, бес жасынан бастап оны әкесінің немере інісінің асырап алғаны жайында айтып кетті.
Семей қаласында балабақшада тәрбиеленіп, осы қалада мектепке бірінші сыныпқа барғаны туралы әңгімеледі. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүктің медицина институтында оқып жүргені, 1942 жылдың тамыз айында өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, майданға аттанғаны жайында, соғыста ең жақсы пулемет атқышы атағына ие болғанын әңгімелеп кетті.
Мәншүк Мәметова Псков облысындағы Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста ерлікпен қаза тапқаны жайында айтты. Студенттер мұражайды аралап, онда қойылған экспонаттармен танысып, мұражай қызметкеріне сұрақтар қойды. Музей қызметкерінің әңгімесі студенттердің назарынан шығып, студенттер жақсы әсер алды.
«Ерлердің даңқы мәңгілік» деген нақыл сөз біздің ұрпақтарымыздың осындай игі істерінен көрінеді. Ендеше еліміздің батырларын ұмытпай, мақтан тұтайық.
Қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы 101,102 топтарының кураторы К.Т.Кусаинова.