«Гепатологияның өзекті мәселелері» шеберлік сыныбы

Семей қаласының ММУ 65 жылдық мерейтойына арналған конференцияға сәйкес факультеттік терапия кафедрасының ұйымдастыруымен аталған жоғарғы оқу орнының түлегі, А.Н.Сызғанов атындағы ҰҒХО бас ғылыми қызметкері, профессор, гепатолог Ільясова Бибігүл Сапарбек қызының қатысуымен шеберлік сыныбы өткізілді.

Шеберлік сынып екі бөліктен тұрды: Сесей қаласының ММУ госпиталының гастроэнтерология бөлімшесінде 31.10.2018 жылы сағат 15.00-ден 18.00-ге дейінгі аралықта бауырдың әрқилы кезеңдеріндегі фиброзы дамыған вирустық, аутоиммундық, токсикалық және метаболизмдік этиологиялы бауырдың сүлелі ауруларына шалдыққан 11 клиникалық жағдайлар талқыланды. Шеберлік сыныптың осы клиникалық бөлігіне аталған кафедра мен бөлімшенің қызметкерлері мен интерн-дәрігерлер, кафедраның студенттік ғылыми үйірмесінің белсенді мүшелері қатысты.

Келген профессор Ільясова Б.С. клиникалық талқылауды өткізу кезіндегі жоғарғы деңгейдегі ұйымдастырушылыққа, дәрігер-мамандардың академиялық дайындығына, кәсіби шеберліктеріне және қабілеттіліктеріне тәнті болды. Қаралған науқас адамдардың барлығы кеңес беруші профессор Ільясова мен қатысушы дәрігерлерге қанағаттық пен шынайы рахметтерін білдірді.

01.11.18 жылы сағат 15.00 – 18.00 арасында шеберлік сыныптың екінші бөлігі өткізіліп, онда профессор Ільясова Б.С. «Бауыр циррозының диагностикасы мен емінің өзекті мәселелері. Бауыр жетіспеушілігін анықтаудың заманауи қағидалары», «Бауырдың терминалды ауруларына шалдыққан адамдарды қадағалау. Бауыр трансплантациясына қажеттілік көрсеткіштері», «Бауыр трансплантациясы жасалған адамдарды қадағалау» атты тақырыптарға ғылыми-клиникалық баяндамалар жасады.  Шеберлік сыныптың теориялық бөлігін өткізу кезінде факультеттік терапия, жұқпалы аурулар, персоналық медицина кафедраларының, амбулаторлық-емханалық қызметтердің, гастроэнтерология бөлімшесінің дәрігерлері мен интерн-дәрігерлер, 4 курс студенттері – факультеттік терапия кафедрасындағы студенттердің ғылыми үйірмесінің белсенді студенттері, қаладағы жетекші гастроэнтеролог мамандар қатысты.

Шеберлік сыныптың соңында заманауи гепатологияға қатысты өзекті мәселелер туралы сұрақтар қойылып, профессор Б.С.Ільясоваға шеберлік сыныпты өткізуге ат салысқаны үшін профессор Жұмаділова З.К. мен факультеттік терапия кафедрасының меңгерушісі Қасқабаева А.Ш. кері байланыс арқылы алғыстарын білдірді. 

Жарияланды:
Рубрикалар: Ғылыми жұмыс