Ұлы даланың жеті қыры

21.11.2018 Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешу кез-келген елдің арманы. Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным.

Қазақстан тарихы қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда  жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті. Біріншіден, бізге дейінгі протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құраған. Екіншіден, осы жердегі зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды. Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осы жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға Қазақстан тарихы ортақ. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Ең бастысы, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз. Сонымен, Ұлы даланың жеті қырын Елбасы анықтап берді.

І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді. 1. АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІ. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі. 2. ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ЕЖЕЛГІ МЕТАЛЛУРГИЯ. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. 3. АҢ СТИЛІ. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. 4. АЛТЫН АДАМ. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. 5. ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БЕСІГІ. Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды. 6. ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияда сауда және мәдениет саласындағы трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды. 7. ҚАЗАҚСТАН – АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ ОТАНЫ. Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Бұл әсем өсімдіктер Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі.

ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ. Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты. Бұл жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады деп ойлаймын.   1. АРХИВ – 2025. «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау қажет.  2. ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ЕСІМДЕРІ. Біріншіден, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу керек. Екіншіден, әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасау қажет. Үшіншіден, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығару қажет. 3. ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ГЕНЕЗИСІ. Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба қажет. 4. ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЕЖЕЛГІ ӨНЕР ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР МУЗЕЙІ. «Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозицияларын қою қажет. 5.  ДАЛА ФОЛЬКЛОРЫ МЕН МУЗЫКАСЫНЫҢ МЫҢ ЖЫЛЫ. Бұл жоба аясында «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. 6. ТАРИХТЫҢ КИНО ӨНЕРІ МЕН ТЕЛЕВИЗИЯДАҒЫ КӨРІНІСІ. Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар.

ҚОРЫТЫНДЫ: Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады.

Факультеттік терапия кафедрасы

 

Жарияланды: