Дені сау ұрпақ – жарқын болашақ

Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Дені сау адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Отанымыздың келешегі, көркеюі салауатты өмір салтын ұстануға байланысты. Қараңғы үйге кіріп келіп шам жақсаңыз, шам үйді жарық қылады. Көп қызыл гүлдің ішінен бір ақ гүл көрсең, көзің соған түседі. Біздің де өмірімізді жарық қылатын, жан-жағымызға тамаша сәулесін шашатын, өмірдегі басты байлық – денсаулық. Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну.

Осы орайда  қараша айының 29-шы жұлдызында Т.А. Назарова атындағы патологиялық физиология кафедрасының ұстазы Қанатбекова Арайлым Қанатбеқызы кураторлық, «Жалпы медицина» мамандығының 308 және 340 топ студенттерімен № 10 «Бал бұлақ» балабақшасында «Тазалық – денсаулық кепілі», «Тұмаудан сақтанайық!» атты профилактикалық іс-шара өткізді. Іс-шараның мақсаты – бала-бақшадағы бүлдіршіндердің тазалық туралы білімдерін кеңейту, мәдени-гигиеналық дағдыларын пысықтау және жетілдіру, өз денсаулығына құндылық ретінде қарауға, өзге адамдарды құрметтей білуге тәрбиелеу, салауатты өмір салтын ұстанып, күн тәртібінің сақталуы туралы білім беру, тазалыққа, ұқыптылыққа баулу. Балаларға тазалық туралы ойындар, жұмбақтар және сергіту сәт ретінде видео роликтер көрсетіліп, сыйлықтар таратылды. Шараға сонымен қатар тәрбиешілер мен ата-аналар да белсене атсалысты. Осы ісімізбен халық денсаулығын жақсартуға аз болсын үлес қостық деп есептейміз.

308, 340 топтар, «Жалпы медицина» мамандығы

Жарияланды:
Рубрикалар: Оқу процесі