АҚЫН – ҰЛТТЫҢ ЖҮРЕГІ

АҚЫН – ҰЛТТЫҢ ЖҮРЕГІ

2018 жылдың 10 желтоқсанында Семей медицина университетінің қабырғасында осы заманғы Қазақстан тарихы және ЖББП кафедрасының аға оқытушысы С.А.Купанованың ұйымдастыруымен Елбасымыздың «Болашаққа бағдар- Рухани жаңғыру» мақаласы және тұғырлы Тәуелсіздік мерекесі аясында «Ақын – ұлттың жүрегі» атты қаламыздағы Халықтық «Ой-сана» ақындар мектебінің жетекшісі, ақын Серік Молдабеков және оның жас ақын шәкірттерімен кездесу өтті. Студенттер өздерін қызықтыратын сұрақтар қойып, ақындармен пікір алмасты. Телегей теңіз шабыттың арқасында жауһардай жырлар жазған ақындарымыздың жалынды жырлары бүгінде елдің көңілінен шығып жүр. Көкірексіз жандардың көзін ашқан, Алатаудың мұнарлы көк сеңгіріндей жауһар жырларымен келген ақындар болашақ дәрігерлердің рухани өсуіне бір септігін тигізгендей болды.

…Көсегісін  көгертіп қалың елдің,

   Көмейі шаршы топта бүлкілдеген,- ақындардың сөзі мірдің оғындай жүрекке жол тауып жатты. Орақ тілді, от ауызды жас ақын Айшолпан Тілеутайдың «Әке» атты өлеңі студенттер қауымын дүр еткізді. Байқуат Төкеновтың және Ермұханбет Мұратовтың заманның бер пердесін ашқандай оқылған жырлары көңілден шығып жатты. Сөз соңында Серік Молдабековтың «Ер түрік» өлеңі кешегі көк түркілердің арманы болған «Мәңгілік ел» болғанын туралы айта келіп соңғы қорытындысы:

…Ей, жас ұрпақ!

   Бабалардай жоғалмасын бойдағы

   Тектілігі, ептілігі, көкке ұлыған, қасқырдың.- деген жолдармен аяқталды. Әрбір жас маман  интеллегент болып қалыптасуы үшін осындай кездесулердің берері мол деп есептеуге болады.

 

Осы заманғы Қазақстан тарихы және ЖББП

кафедрасының аға оқытушысы С.А.Купанова

 

Жарияланды:
Рубрикалар: Қоғамдық өмір