Қыркүйек айының соңғы жексенбісі-қарт Ертістің жағасында еркелей көсілген сүйікті қаламыз Семейдің төл мерейтойы дүркіреп атап өтілді. Біз, Семей медицина университетінің 3-курс жалпы медицина факультетінің 3124-топ және 3126-топ суденттері, Т.А. Назарова атындағы патологиялық физиология кафедрасының оқытушысы магистр, куратор Қанатбекова Арайлым Қанатбекқызымен орталық алаңдағы мерекелік іс-шараны тамашалауға бардық.
Тарихы терең, тума таланттардың кіндік қаны тамған Семей қаласының мерейтойы ұлы ақын Абай және Шәкәрімнің, еліміздің тірегі болған Ә. Бөкейханов, М. Әуезовтың, Қ. Рысқұлбековтың ескерткіштеріне гүл қоюмен басталды. Қала күні қарсаңына дәл келген Әмина Өмірзақованың жүз жылдығы аясында «Абай» театрында өткізіліп жатқан фестивальде осы күні «Театр 180», «Адам-зат» қойылымдары қойылды. Семейдің төл мерекесімен құттықтауға арнайы келген эстрада жұлдызы, Семейдің тумасы Айдана Меденованың шарықтаған әсем әндерін бірге шырқап кешімізді жалғастырдық. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған концерттік бағдарлама соңы қала күніне арналған кереметтей әсерлі отшашумен аяқталды. Кезекті мәрте тойланып жатқан мерекеміз кім-кімді болмасын шаттандырып, ұмытылмас әсер қалдырғаны айдан анық.
Мақала авторы: 326 топ студенті Абдуаит Гүлназ