Ақпан айының 15-і күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына 31 жыл толды. Семейде бұл жыл сайын дәстүрлі түрде тек соғыстың аяқталуының күні ретінде ғана емес, соғыстан оралмағандарды еске алу күні ретінде аталып өтіледі. Қазіргі таңда біздің қаламызда 412 ауған соғысына қатысушылар тұрады. Жауынгер интернационалистер әскери ордендермен және медальдармен марапатталған. Ауғанстанда әскери қызмет кезінде 44 адам қайтыс болып, 2 адам хабар-ошарсыз кеткен. Семейліктер үшін бұл қайғылы күн, ал барлық өткізілетін шаралар осы күнмен байланысты.
Аталмыш күнге орай СМУ жұқпалы аурулар және иммунология кафедрасының ассистенті Козубаева Динара Бегімханқызы «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 306 кураторлық тобымен бірге осы шараға қатысып, «Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Бегатов Боранбай Оразбайұлымен және ауған соғысының ардагері Тусупбеков Бейбіт Аманғалиұлымен кездесті. Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, Абай театрында мерекелік концерт өтті.