2020 жылдың 21 ақпаны күні Семей медицина университетінде ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты кең көлемді кітап көрмесі өткізілді.
Шараның шымылдығын Басқарма Төрағасы-Ректор, медицина ғылымдарының докторы Жүнісов Ерсін Тұрсынханұлы құттықтау сөзімен ашты. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ұлы Абаймен жақынырақ танысып, оның әлемдік деңгейдегі шығармаларын көзбен көру арқылы түсінуге болатынын, ақынның қолынан шыққан кемеліне келген, көркемдік бітімі жағынан мүлтіксіз өлең үлгілерінің көптігі және әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын, жаңаша сипатты дүние болып келетіні және Абайдың сарқылмас шығармашылығы туралы айтып өтті.
Сонымен қатар, шара барысында университетіміздің «Абайтану» ұйымының жетекшісі Жайырбаева Жаңанұр Қамбарқызының ұйымдастыруымен ақын шығармаларынан студенттердің қатысуымен поэзиялық эстафета өтті.
«Абай» журналының редакторы М.Қ. Оспанов Абайды зерттеп, зерделеп оқыған сайын, тұңғиыққа жетелейтін терең шығармаларынан, ұлы ақынның адами қасиеттерінен шараға қатысушыларға мазмұнды мағлұматтар берді.
Еліміздің көне шаңырақтарының бірі ШҚО Абай атындағы кітапханасы директорының орынбасары Аязбаева Гүлмира Мұратқызы кітапхана қорындағы Абай оқыған, Абай заманының сирек қорын презентация арқылы таныстырып, Ұлы ақынның өмір жолы мен ақынның шығармашылығын зертеушілердің еңбектері туралы тың деректермен ой бөлісті.
Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік қорық мұражайының ғылыми қызметкері Азамат Қажыбай ақын мерейтой қарсаңында мұражайды өткізіліп жатқан іс-шараларға тоқтала кетіп, тыңдармандарды Абай шығармашылығынан нәр алуға, ақын әлемін өз бағыттарында зерделеп зерттеуге үндеу тастады.
Шара барысында ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының «Коворкинг» орталығының меңгерушісі Батхолдина Майгүл Сейтқажықызы «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты көрмеге шолу жасады. Көрмеге қойылған 1887 жылы Ростов жерінен жераударылушы, әуесқой суретші П. Лабановскийдің Абайдың өз бейнесін көріп отырып қарындашпен салған суреті «Абай әлемі бейнелеу өнерінде» бөлімінің мазмұнын аша түсіп, Ә. Қастеевтың, Л. Леоновтың, Георгий және Анна Аткниндердің, Н. Өтепбаевтың туындыларымен толықтырылды.
«Тас мүсіндегі Абай» бөлімі еліміздің монументальды скульптура дамуының жарқын көрінісі болып табылатын Х.Е. Наурызбаевтың, 1960 жылы Алматы қаласында қойылған ескерткішінен бастап, еліміздің және алыс, жақын шет елдерде орналастырылған Бас ақынға арналған ескерткіштері туралы сыр шертті.
Кітап көрмесі қатысушылар тарапынан қызығушылықтарын оятып, Абай әлемі туралы сұрақтар қойылып, соңынан естелік суретке түсті.