2020 жылдың 28 ақпаны күні Семей медицина университеті «Жалпы медицина» мамандығының 215 топ студенттері, топ жетекшісі қалыпты физиология кафедрасының доценті Сайдахметова Айгуль Сайдахметовнаның бастауымен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, тарихқа шолу жасау мақсатында «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайына барып қайтты.
Мұражайға саяхат жасаудағы негізгі мақсат студенттердің халқымыздың тарихы, соның ішінде еліне қасқалдақтай қанын аямай еңбегін сіңірген Алаш арыстары туралы білімдерін және көзқарастарын толықтыру. Бүгінгі күні жетісіп отырған егемендігімізді халық санасында оята бастаған сезімді тұтата білген ұлтымыздың зиялы азаматтары туралы мақтанышпен айтылған баянды сұхбат студенттердің жүрегінен ерекше орын алды деп ойлаймын. Ең бастысы жас ұрпақ бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру тәрбиелеудің негізгі мақсаты деп білеміз.
Мұражайға жасаған саяхат барысында студенттер Семей қаласының XVIII-XIX ғасырлардағы тарихымен таныс болды. Осы орайда, 2020 жылы 175 жылдық мерейтойы дүниежүзі деңгейінде өткізілуі жоспарланып отырған кемеңгер ақын Абай Құнанбаев қалаға келгенде қонақ болып жүрген және Алаш қайраткерлері тұрақты тұрған үймен танысып, Мұхтар Әуезов және Алаш арыстары өмірі туралы қосымша деректер алды. Осындай асылдар басқан жермен жүріп, олардың рухынан қанаттанғандай болып көрінді.
Студенттер мұражайда қызығушылық көрсетті: мұражай қызметкері- бағыттаушыға көптеген сұрақтар қойылып, қанағаттанарлық жауап алынды. Әлихан Бөкейхановтың өз қолымен жазған өмірбаянын көріп, маржандай әріптермен жазылған, әрі сауатты құжатқа қарап студенттер қазақ ішінде жүріп осындай дәрежеде орыс тілінде сауатты жаза білуге болатындығына қайран қалды.
Студенттер «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайына жасаған сапарынан жақсы әсер алып, рухани мәдениетін толықтырды.
Қалыпты физиология кафедрасы доценті А.С. Сайдахметова