Жоғары медициналық мектептегі білім беру үрдісі – бұл өте күрделі жүйе және бұл жүйеге жаңа, құрылымдық және сапалы өзгерістер енгізілді. Қашықтықтан оқыту (ҚО) жаңа білім беру тәжірибесі болып табылатынына қарамастан, оның алғашқы элементтері ортағасырлық Еуропада пайда болды. Тұрақты және қол жетімді пошта байланысы пайда болғаннан бастап, студенттер оқытушылармен қарым– қатынас жасап, оқу материалдарын алып, эмтихандар мен ғылыми жобаларын қашықтықтан тапсыруға мүмкіндік алды.
Бүгінде қашықтықтан оқыту біздің алдымызда зор мүмкіндіктер ашады және үздіксіз білім беру принципін қамтамасыз етеді, себебі нақты орын мен уақытты байланыстырмай үлкен аудиторияны қамтуға мүмкіндік береді. Атап айтсақ 2020 жылдың 18 наурызынан бастап «Жалпы медицина» мамандығының 1-5 курстарында сабақтар оқу кестесіне сәйкес WhatsApp мессенджерінде жүзеге асырылады. Сабаққа дейін студенттер ұсынылған материалдарды, видеодәрістерді, дәрістерді, қажетті оқулықтарға сілтемелерді KEYPS жүйесіндегі блюпринттерден және университеттің YouTube-арнасынан оқи алады. Сонымен қатар ZOOM платформасында бейнеконференциялар және Google Forms-та сауалнамалар жүргізіледі. Оқытудың бұл әдістері білім алушылар мен оқытушыларға кедергісіз қарым-қатынас жасауға, ситуациялық жағдайларды және тақырыптарды еркін талдауға, «сұрақ-жауап» форматында консультациялар мен талқылаулар өткізуге мүмкіндік береді.
Университетімізде қашықтықтан бідім берудің басты қағидасы барлық қатысушылардың өзара жауапкершілігі болып табылады. Топ старостасы чат құрады, топтың қалған білім алушыларын, оқытушыны, куратор мен мониторингке жауапты оқытушыларды қосады. Топ кураторы топтың онлайн белсенділігін қадағалайды және топ студенттерінің қашықтықтан оқытуға қатысуына жауап береді. Академиялық блок қызметкерлері күнделікті сабақ мониторингін жүзеге асырады және белгіленген форма бойынша апта соңында есеп береді.
Қашықтықтан оқыту жағдайында профессор-оқытушы қауымының негізгі қызметі оқу материалын ұсыну ғана емес, сонымен қатар білім алушыларды олармен жұмыс істеуге үйрету, виртуалды білім беру кеңістігінде олардың өзіндік жұмысын үйлестіру болып табылады. ҚО жүйесінде студенттерге аса маңызды элементтерге назар аудара білу, оқыту процесін және алған білімдерін шығармашылық тұрғыдан ойластыра білу қажет.
Осылайша, қазіргі уақытта КеАҚ «СМУ» өзекті мақсаттардың бірі білім берудің жаңа тәсілі ретінде қашықтықтан оқытуды дамыту және жетілдіру болып табылады.
Медицина мектебі
