2020 жылғы 11 мамыр күні «Семей медицина университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы – Ректор Ерсін Жүнісов «Мейіргер ісі» мамандығының 1-4 курс, «Фармация» мамандығының 1-5 курс студенттерімен онлайн форматында кездесті. Онлайн өткізілген жиынға инновациялық білім беру департаментінің директоры А. Мысаев, қоғамдық денсаулық сақтау, стоматология, фармация және мейіргер ісі мектебінің деканы А. Саимова, декан орынбасарлары Э. Жакупбекова, Ж. Шуақбаева қатысты.
Жиынның басты мақсаты қазіргі қоғамда қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты туындаған оқу үрдісіндегі өзгерістер мен жаңа ережелерге тоқталып, олардың мән-жағдайын нақтырақ түсіндіріп өту болды. Сонымен қатар, студенттердің алдағы уақытта өткізілетін жазғы емтихан сессиясын қашықтықтан ұйымдастыруға байланысты туындаған мәселелер мен оларды толғандыратын сұрақтарына жауап беру еді. Кездесу барысында Басқарма Төрағасы Ерсін Тұрсынханұлы елімізде және әлемде орын алып отырған эпидемиологиялық жағдайды түсіндіре келе, студенттерімізді осы қиын жағдайдан барлығымызға ортақ істе бірлесіп, бір-бірімізге түсіністікпен қарап, әр жағдайда қолдау көрсетіп, бірге еңсеруімізді сұрады. Сонымен қоса, жазғы емтихан сессиясының өткізілу тәртібі мен ережесі де түсіндіріліп, студенттер тарапынан туындаған сұрақтарына толыққанды жауап беріліп, ұсыныстары тыңдалды.
Қоғамдық денсаулық сақтау, стоматология, фармация және мейіргер ісі мектебі

