Жидебайдағы Абай музей-үйіне онлайн экскурсия

Жидебайдағы Абай музей-үйіне онлайн экскурсия

2020 жылдың 22-ші мамыр күні Семей медицина университеті «Жалпы медицина» мамандығының 1 курс 1210 тобының студенттерінің қатысуымен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Жидебайдағы Абай музей-үйіне онлайн экскурсия жасалды. Іс-шараның мақсаты – Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туған, өмір сүрген өңірімен танысып мағлұмат алу.

Жидебай – Абайдың ата қонысы. Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан қалың қорық, шұрайлы жер. Жидебайды Тобықты руының Жігітек атасы мекен еткен. 1880 ж. Абай Жидебайда өз қаражатымен жаңадан медресе салдырған. Құнанбай қажы дүние салған соң, 1885-91 ж. Жидебай қонысы Құнанбайдың Ұлжаннан туған баласы Оспанның еншісіне тиген. 1891 ж. інісі Оспан қайтыс болғаннан кейін қыстау Абай иелігіне көшкен. Қазір мұнда ақынның мұражай-үйі жұмыс істейді. Бұл жерге келген әрбір қонақ пен турист ақынның заманынан жеткен құнды жәдігерлер мен тарихи деректерге қанық болады. Сол сияқты, 1210 топ студенттері де виртуальды экскурсия арқасында Абай музей-үйіндегі Абайдың жұмыс бөлмесін, қолданған заттарын, басқа да бөлмелерді, 3-ші әйелі Еркежанның төркінінен жасауымен келген жәдігерлерін тамашалады. Бүкіл өмірін Жидебайда өткізгендіктен, сақталған заттардың көбі – Еркежанның заттары. Әйелдердің әшекей заттары жеке көрсетілген. Оң жақ бұрышта – жиналған ағаш төсек. Алдыңғы бөлмеде сол жақ қабырғада Құнанбайдың қажылық сапарға барғанда әкелген тақиясын көруге болады.

Ұлылар қонысы болған мұражай үйдің кешені үлкен аумақты алып жатыр. Ортада дәл қыстаудың өзі. Қыстау 5 бөлме мен 2 дәлізден тұрады. Алаңның сыртында Абайдың қоладан жасалған ескерткіші орналасқан. Музей үйдің кіре беріс дәлізінен өткенде қабырға да Абай өмір сүрген дәуір мен баба ата-тегінің шежіресі орналасқан. Сондай-ақ, қыстаудың тарихын таныстыратын стенд те бар.

Экскурсия соңында әрбір студент өз әсерімен бөлісті.

 

1210-топ студенті Биғазина Әсел

ЖББП кафедрасының аға оқытушысы Т.А. Мұздыбаева

Жарияланды:
Рубрикалар: Оқушылар