Мен, Байғазин Нұрхат Рахатұлы, Семей медицина университетінің “Жалпы медицина” мамандығы бойынша 3 курс студентімін.
Менiң бала кезімнен медицина саласына деген қызығушылығым болатын. Дәрігерлердің адамның өміріне араша түсiп, қолынан келгенiнше аман өмiр сүруiне барынша көмектесетiнiн көріп, мен де дәрігер болғым келетiндігiн ұғындым. Сол кезден бастап өзімді болашақ дәрігер ретінде дамыта бастадым, сабағыма үлкен мән бердім, түрлі оталардың қалай жасалатындығын көре бастадым.
Бiрiншi мақсат ҰБТ-ден сүрiнбей өту. Қаншама ұйқысыз түндер, қосымша сабақтар, ата-анамның қолдауы арқасында ҰБТ нәтижесі бойынша 123 балл алдым. Бұл менің арманыма бір сәтке жақындай түскенім еді. Оқу орындарының iшiнен тандағаным – Семей медицина университеті. 11 сыныпта оқып жүргенде осы атаулы оқу орны жайлы деректерді естiп, қызығып қарайтын едім. Мұндағы бiлiмнiң басқа медицина университеттерiнен айрықша жоғары екендігін түсіндім.
Солай армандаған оқу орнымның студентi атандым. Студенттiк өмір қызығы мен шыжығы мол бакытты сәт екен. Университеттегi студенттерге арналған ұйымдар саны 20-дан асады. Соның бірнешеуін қатар алып жүрмiн.
Қорытындылай келе айтарым, біздің жарқын болашағымыз білімді де білікті, бәсекеге қабілетті жастардың қолында. Сондықтан да, әркім келешекте өз Отанына адал қызмет етіп, өмірде өз орнын табуына еліміздегі ірі медициналық жоғарғы оқу орындарының бірі Семей медицина университетінің тигізер пайдасы орасан зор.
Арман асуында бағындырар белестерді бірге бағындырайық, қатарымызға қосыл, Жас Түлек!