2020 жылдың қыркүйек айының 18-і күні Семей медицина университеті «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 1 курс 1106 тобының студенттері Zoom платформасы арқылы Абайдың 175 жылдығына орай Абай мұражайымен танысты. Сонымен қатар, студенттер Абай өлеңдерін, қарасөздерін оқып, Абай әлеміне саяхат жасады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор. Ұлы ақынның шығармалары бүгінгі күнде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың әрбір сөзі қашан да, қай кезде де рухани азық болары сөзсіз. Сондықтан еліміздің жаңғыруы аясында оның еңбектерін пір тұтып, ұтымды пайдалануымыз қажет. Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгі жасайтынын аңғартады. Сондықтан хакім Абай еңбектерін өскелең ұрпақтар санасына сіңіру – ел болашағын жаңғыртатын қадамның бірі.