Біз Семей медицина университеті «Жалпы медицина» мамандығының 2 курс 2116 топ студенттері қазан айының 2 жұлдызында ұстаздар мерекесіне орай «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» атты кураторлық сағат өткіздік. Кураторлық сағат Zoom платформасында өткізілді.
Ұстаз – ұлағатты есім. Тұңғыш презмдентіміз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, «Мұғалім – бүкіл білім беру жүйесінің негізі, жаны мен жүрегі». Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында.Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге . Осыған орай, кураторлық сағатта бізге унисерситетке алғаш келген күннен бастап үлгі бола білген кураторымыз, ЖББП кафедрасының аға оқытушысы Мұздыбаева Толқын Абдыгалымовнаға әрбір студент өз алғыстарын білдіріп, ізгі тілектерін айтты. Университетіміз әрбір студенті өздерінің ұстаздарын сыйлап, құрмет көрсетіп жүрсе дейміз.
Осы тұста Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға»,- деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Қазақтың ұлы ақыны айтпақшы, қай ұстаз болса алдына келген студенттерінің жақсы білім алғанын қалайды. Университетіміздің барлық оқытушыларын мерекелерімен құттықтай келе, білікті ұстаздарымыздың арқасында білікті маман болуып шығарымыз анық.
«Жалпы медицина» мамандығының
2116 топ студенті Жансая Серікболова