2020 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Семей медицина университетінде денсаулық сақтау саласына және білім беру саласына елеулі үлестері үшін бірқатар қызметкерлер марапатталды. Олардың ішінде қалыпты физиология кафедрасының доценті А.С. Сайдахметоваға «Еңбек ардагері медалі» табыс етілді.
Сайдахметова Айгүл Сайдахметовна 1976 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ биология факультетін және 1986 жылы Мәскеудің И.М. Сеченов атындағы І-ші мемлекеттік медицина институты жанындағы ССРО МҒА П.К. Анохин атындағы Қалыпты физиология институтының молекулалық нейрофизиология және биохимия лабораториясында іштей үзбей аспирантураны аяқтаған. 1987 жылы «Инстинктивное поведение животных в условиях воздействия на метаболизм мозгоспецифических белков S – 100» тақырыпқа ойдағыдай кандидаттық диссертация қорғаған. 1995 жылдан доцент. 1997-2001 жж. және 2010-2012 жж. СММИ қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі болған.
Мемлекеттік тілдегі «Эмоциялық стресс және бейімделу механизмдері» (2005) атты оқу-әдістемелік құралдың, «Қалыпты физиологиядан тәжірибелік сабақтарға жетекшілік нұсқаулар» (2006) және «Физиология анатомия негіздерімен» (2013) оқу құралының, сонымен қоса физиология пәнінен қолданылатын орыс-қазақ-ағылшын тілдеріндегі «Медициналық терминологиялық сөздік» авторы. 130 астам ғылыми жұмыстардың авторы, 1 рационализаторлық ұсыныстың авторы және жыл сайын ҚР жоғары оқу орындарын бітірушілердің дипломдық және магистрлік жұмыстарының рецензенті.
Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстармен қатар А.С. Сайдахметова кафедраның ғылыми жұмыстарына да ат салысады. 2000-2004 жылдары аралығында ҚР Жоғарғы аттестациялық комитетінің бұйрығымен диссертациялық кеңестің ғылыми хатшысы болған. Соңғы бірнеше жылдар қатарынан Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен МАК төрайымы. 2015 жылы Ресейдің жаратылыстану академиясының профессоры атағы берілген.
Айгүл Сайдахметовнаның педагогикалық еңбектері ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жоғары бағаланған: ҚР білім беру саласындағы айрықша еңбектері үшін «Почетный работник образования Республики Казахстан» (2009) төс белгісімен және денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрлігі «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» (2015) төс белгісімен, сонымен қатар әртүрлі деңгейлі алғыс хаттармен марапатталған.
Қалыпты физиология кафедрасы Айгүл Сайдахметовнаны шын жүректен құттықтайды! Құттықтай отырып зор денсаулық, мол бақыт, шығармашылық өсу, табыс тілейміз!