Балалар церебральды сал ауруы – созылмалы, күшеймейтін, қозғалыс бұзылысы симптомдар жиынтығымен сипатталатын орталық жүйке жүесінің аномалиясы немесе зақымдануларынынан болатын ауыру. Балалар церебральды сал ауруы бар науқастарды медициналық оңалту, қолдаушы терапия, қоғамға бейімдеу, олардың қамқоршыларына күнделікті күтімі туралы ақпараттар беру қаншалықты маңызды екені барлығымызға белгілі. Осы бағытта жұмыс жасап келе жатқан «Тоқтамыс» балалар емханасы базасында м.ғ.к., доцент А.Р. Алимбаева ұйымдастыруымен, Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген білікті эпилеполог-невролог Сұлтанбаева Динара Аблековнаның қатысуымен «Физикалық медицина және оңалту» мамандығы резиденттерінің арасында «Балалар церебральды сал ауруы бар науқастарды оңалтудың заманауи әдістері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – неврологиялық науқастарды оңалтудағы заманауи әдістермен таныстырып, жаңа бағыттарды қарастыру.
Балалар сал ауруы дүние жүзінде балалардағы созылмалы аурулардың алдынғы орындарында тұр. 1000 адамның 2-3,6 да кездеседі және балалар мүгедектігінің басты себебі болып табылады.
Дөңгелек үстел барысында невропатолог Д.А. Сұлтанбаева балалар сал ауыруының жалпы клиникасы, формалары, ерте диагностикалау жөнінде мағлұматтар беріп өтті. Сонымен қатар өз тәжірибесінде кездескен қызықты клиникалық жағдайлармен бөлісті. Бастысы балалар церебральды сал ауруы бар науқастарды оңалтудың заманауи әдістері және қайта қалпына келтіруде нутрициологияның маңыздылығы тақарыбында сөз қозғалды. Берілген тақырыпқа қатысты сұрақ-жауап, ой алмасулар болды.
Өткізілген дөңгелек үстел нәтижесі резиденттер біліктілігін арттырып қана қоймай, қазіргі уақытта еліміздегі медицинаның дамушы саласы ретіндегі реабилитацияны дамытуға деген құлшынысты арттырды. Өз кезегімізде осындай іс-шаралардың жиі болуын сұраймыз және ұйымдастырушыларға, жетекшіміз А.Р. Алимбаеваға алғысымызды білдіреміз!
Физикалық медицина және оңалту мамандығының резиденті Қайроллаева Арайлым Алимғазықызы