«Мұқағали – ғасыр ақыны» атты эссе байқауы өтті

«Мұқағали – ғасыр ақыны» атты эссе байқауы өтті

18-22 ақпан аралығында Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Абайтану» ұйымы «Мұқағали – ғасыр ақыны» атты университетішілік эссе байқауын өткізді. Студенттер өздерінің шығармашыл, қабілетті, әдебиетке де жақын екенін танытты. Бірінен бірі өткен бәсекеге толы байқауға жалпы білім беру кафедрасының оқытушылары Ж.Қ. Жайрбаева мен Н.М. Абешова әділ төрелік етті. Нәтижесінде «Жалпы медицина» мамандығының 5335 топ студенті Бердалі Медғат Бауыржанұлы өзінің жүрек жарды өлеңімен 1-орынды иеленді. 2-орын 1302-топ фармация факультеті студенті Бақытжарова Нұрданаға, 3-орын жалпы медицина факультетінің 5120-топ студенті Халел Әзияға тиесілі болды. Барлық қатысқан студенттерге алғысымызды білдіреміз.

«Абайтану» ұйымының белсендісі Ж.Б. Нұрахметова

«Абайтану» ұйымының жетекшісі Ж.К. Жайрбаева

 

Аңыз ақын

(М.Мақатаевтың 90 жылдығына)

 

Ақынсың өзгеден сөз сұратпаған,

Өлеңің кестедейін құрақталған.

Қаңтарда қақсып келген құлыныңмын,

Әр шумағың ойылған суат маған.

Мен бойымды жылытар қуат алам,

Жырыңнан шашыраған шуақтардан.

Өзіңді іздеп таудағы бұлақтардан,

Сұрап шықтым жағада құрақтардан.

Құлазимын мардымсыз жауаптардан,

Жалығамын қисынсыз сұрақтардан.

Тамыры тереңдегі нар еменім,

Дауыл соқпай қалайша құлап қалған?…

Жырладың тау- тасыңды, ай, күніңді,

Қайғыңды, қуанышты жай күніңді.

Жастығыңды жалаңбұт шапқылаған,

Қарасазда қалдырған тай күніңді.

Қиналғанға қол ұшын аямадың,

Қайырылып сұрамадың шай-пұлыңды.

Дерттен басың көтермей жатсаң дағы,

Аузыңнан тастамадың Майгүліңді.

Тең жырлап дүниенің төрт бұрышын,

Демедің мынау бөтен, қой құрысын!

Суретіңе қарасам дейтіндейсің,

Сен бала жыр оқымай неғып тұрсың.

Жалма-жан кітапты алып сөредегі,

Ашқанда жыр жорғалай жөнеледі.

Шабыттанып оқимын нәр аламын,

Құмарым жырға тойып кенеледі.

Келбетіңе тағы да үңілемін,

Қара өлеңнің майталман кемеңгері.

Балама да үйретем өлеңіңді,

Жырыңменен суарам немеремді.

Олар да айтып кетер ұрпағына,

Аңыз ақын екен деп көнедегі.

Саған ұқсап жыр жазу қиын ба еді,

Ақынға өлең деген бұйым ба еді?

Басқаларша жазар ем ойланбастан,

Сен дегенде нашарлау күйім менің.

Шумақтарың өрілген бұрымдайын,

Тәйір-ай ашып кетті миым менің.

Қара өлең сенен жұққан тұмау ма еді,

Қалдырған маған әлде сиың ба еді?

Аңыз болып, жыр болып кәрі -жасқа,

Ақиығым келіпсің тоқсан жасқа.

Өлеңіңді жарысып оқып жатыр,

Арман бар ма ақында мұнан басқа.

Тәңір өзі тасқа басқан мүсініңді,

Өмірің өтпеген-ау бостан-босқа.

Қаз ба едің көтерілген Қарасаздан,

Қаңқылдап қайда кеттің арамыздан?

Біз қалдық жағалауда көкке қарап,

Көз алмай кеткен ұзап дара қаздан.

Қаңқылдайтын қаз таппай жағамыздан,

Қоңқылдап қоямыз біз шарасыздан.

Өзің жайлы жырымды кестеледім,

Мысың басым, мен оны ескеремін.

Мен өзіңдей ақынмын деп айту түгіл,

Өзің жайлы жазуға сескенемін.

Бір сөзімнен жаңылып кеттім бе деп,

Өз-өзімді қайталап тексеремін.

Артыңа өшпестейін із қалдырып,

Сусындаттың, жырыңмен тамсандырып.

Біреулерді жырыңмен шырмап алып,

Біреулерге кеттің-ау ән салдырып.

Қазақтың ақиығы, аңыз ақын,

Ақындықтың символы сен мәңгілік!

 

Бердалі Медғат Бауыржанұлы

«Жалпы медицина» мамандығының

5335 топ студенті

Жарияланды:
Рубрикалар: Оқушылар