Семей медицина университетінің студенттері қалалық достық үйінде «Қош келдің, мерейлі Әз-Наурыз!» атты қалалық іс-шараға қатысты

Наурыз – береке мен бірліктің, егемендік пен елдіктің, ынтымақтастық пен достықтың айқын белгісі. Себебі, бұл мейрамда осының бәріне аса қатты көңіл бөлінеді. Биыл Семей медицина университеті Әз-Наурызды ерекше қарқынмен бастады. Дәлірек айтқанда, 17 наурыз күні Ұлыстың ұлы күні наурыз мейрамына байланысты ЖББП кафедрасы және тәрбие жұмысына жауапты Жайрбаева Жананұр Қамбарқызының ұйымдастыруымен қалалық достық үйінде «Қош келдің, мерейлі Әз-Наурыз!» атты қалалық іс-шара өткен болатын.
Шара барысында университетіміздегі өзге ұлт өкілдері белсене қатысып, Наурыз мейрамы жайында түрлі өлең жолдарын тарту етті. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бұл шарада өз өнерлерін көрсете алды. Наурыз айында өтетін қазақ халқының небір мейрамдары да қалыс қалмады. Көрісу мерекесіне орай жастарымыз үлкендерге қос қолын беріп, бір жасымен құттықтап қазақтың жоралғысын жасады. Сонымен қатар, Жайлау, Шежіре, Тарихқа тағзым күндері де елеусіз қалмады. «Қазақ әрқашан да үлкенін сыйлаған» дей отыра, ақ сақалды қариямыздан бата алып, мерекелік хормен аяқталған бұл жоба ерекше әсер қалдырды.
Сөз соңында, Достық үйінің директоры Шарова Надежда Васильевна Семей медицина университетінің ректорына және ЖББП кафедрасының оқытушыларына, Семей медицина университетінің студенттеріне өз алғысын білдірді.
Мейрам өте қызықты, тартымды өтті. Кеш қонақтары мен қатысушылары мерекелік көңіл-күймен тарқасты.

Жарияланды:
Рубрикалар: Қоғамдық өмір