2021 жылғы 7-ші қыркүйек күні жұқпалы аурулар және иммунология кафедрасында 5434-топ студенттерімен 5-ші қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай дөңгелек үстел жүргізілді. Дөңгелек үстел тақырыбы «Туған тілім – тұғырым». Аталған іс-шара барысында топ студенті Алтынай Ерғалиева баяндама жасады. Баяндамада тіл мерекесінің 5-ші қыркүйек болып белгіленуінің өзіндік себептері аталып өтілді. ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілді. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болады. Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген болатын.
“…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді” деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай болмақ.
Іс-шара соңында пікірталас өтіп, сұрақтар қойылды. Осы іспеттес іс-шараларды өткізу студенттерді өз тіліне, туған жеріне құрмет көрсетуге баулу және азаматтық, адамгершілік қасиеттерін, ұлттық рухани санасын, эстетикалық биік талғамын, өмірлік тәжірибесін байытып, тілімізді құрметтеп, аялай білуге тәрбиелеу болмақ.
Жұқпалы аурулар және иммунология кафедрасы