Қыркүйектің 1 күнгі президентіміздің Қазақстан халқына жолдауын жалпы білім беретін пәндер кафедрасы оқытушылары да тыңдап, өзара талқыға салды. 2021 жылғы «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп аталатын жолдаудың бастапқы сөзін тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мәселесімен бастаған президентіміз «Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы» – деп атап өтті. Баяндама барысында мемлекет басшысы еліміздің және қоғамның дамуындағы экономика, өнеркәсіп, білім, денсаулық сақтау сияқты т.б. басты салалардағы басым бағыттарға тоқтала отырып, келер жылы Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатындағы негізгі 5 бастаманы атап өтті.
Жолдауда көрсетілген халық жағдайын жақсартуға бағытталған игі істер мен бастамаларды университет студенттерінің назарына ұсынып, оларды еліміздің қоғамдық және саяси өмірінен хабардар ету мақсатында атаулы мәселе бойынша тәрбие сағаттарын өткізуді жөн санадық.
Жалпы білім беретін пәндер кафедрасы оқытушылары