Мұражайға саяхат

Мұражайға саяхат

Жалпы білім беретін пәндер каферасының ұйымдастыруымен қараша айының 17-18 күндері “Жалпы медицина” мамадығының 2 курс жергілікті, үндістандық, пәкістандық және өзбекстандық студенттерімен «Қазақстан мұражайлары қызметі және олардың мәдени мұраны сақтаудағы маңызы» атты тақырыпта қаламыздағы Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы мен Семейдің облыстық тарихи-өлкетану мұражайына саяхат жасалды.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау – стратегиялық маңызы бар мемлекеттік мәселе. Ұлттық дәстүр, әдеби және мәдени құндылықтар, тарихи тәжірибе – ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын асыл қазына. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың өзі қолдау көрсетіп, бастамашы болған, қазіргі кезде көпшілік қауымның қолдауына ие болып отырған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ұлттың рухани-ағартушылық және мәдени-интеллектуалдық деңгейін көтеруге, өскелең ұрпақты туған халқымыздың, өлкеміздің салт-дәстүрлерімен, жалпы адамзаттық кұндылықтар мен идеялар рухында тәрбиелеуге бағытталған. Олай дейтініміз, қоғамның рухани тірегі санатындағы тарихи-мәдени мұралардың халықтың өз болмысын жоғалтып алмауы мен қазақстандық патриотизмді
қалыптастырудағы рөлі аса зор. Осыған байланысты, ұлттық мұраларымыз бен құндылықтарымызды білетін, бағалайтын және мақтан ететін жастарды тәрбиелеу біздің басты міндетіміз болғандықтан, мәдениеттану пәні бойынша атаулы тақырыптағы мәселені студенттермен бірге мұражайға саяхат жасау арқылы  жүзеге асыру негізгі мақсат болды.

Ұйымдастырылған шарадан студенттеріміздің алған әсері ерекше болғандығын байқамау мүмкін емес. Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», – деп айтқанындай, олардың өз мойындарына жүктелетін міндетті сезіне алатындықтарын көруге болады.

Мәңгілік Елдің ұлттық құндылықтары сіз бен бізге аманат. Аманатқа адал болайық, құрметті жас дос!

Жалпы білім беру пәндер кафедрасы

Жарияланды: