2021 жылдың 10 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай университетіміздің кітапханасында «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты поэзия сағаты болып өтті.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті
Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Бұл іс-шара Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде конституциялық тіркелуін аяқтады, сөйтіп жаңа тәуелсіз мемлекеттің шынайы егемендігінің бастауы болды.
16 желтоқсан Қазақстан Республикасының басты ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күніне айналады. Атаулы мерейтойды атап өтуге біздің университетіміз де белсенді үлесін қосуда.
Шараға кітапхана және университет жанынан құрылған «Абайтану» ұйымының ақындары, ұйым жетекшісі Жайрбаева Жаңанұр Қамбарқызы қатысты. Шара барысында осы ұйымның студенттері Нұрахметова Жанерке, Әшімова Еркежан, Хабасов Руслан, Орнықбай Бекжан, Фархатова Кәмшат, Ғазезова Малика қатысып, өздерінің Отан туралы жырларын оқыды.
Кітапхана меңгерушісі Гүлжан Саятқызы «Абайтану» ұйымының талантты жастарына шығармаларын шыңдай түссін деген ықыласпен алғыс хаттармен марапаттады. Шара соңында қатысушылар «Айбыны асқақ, тұғыры биік Тәуелсіз Қазақстан» атты кітап көрмесімен таныстырылып, естелік суретке түсті.