Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазақ елі Наурызды ежелгі замандардан бері атап өтеді. Бұл мейрам – қуаныш пен мейірімнің, бақ пен ырыстың, молшылық пен кеңдіктің белгісі.
Бұл күнге халық барынша дайындалады. Шаңырақта үлкен дастархан жайылып, келер жылда молшылық, байлық болсын деп ниет етеді. Ақ түйенің қарны жарылған – Ұлыстың ұлы күні наурыз мейрамы бойына барлық салт-дәстүрлер мен ұлт ерекшеліктері тамашаланады.
18 наурыз 2022 жылы әскери кафедра ұжымы білім алушы студенттермен бірігіп наурыз мерекесін атап өтті. Арнайы бөлме қазақи нақышта әсемделіп, наурыз көже қайнатылып, ұлттық тағамдар дайындалды, ән-биден шашу шашылды.
Университет әкімшілігі, басты ғимарат кітапханасы және көршілес кафедра өкілдері шақырылып, тамаша іс-шараның куәгері болды.
Жас ұрпақты ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында ұлттық әндер мен билер орындалды, ұлттық аспаптарда, атап айтқанда домбыра мен қобызда ойнау шеберліктерін көрсеткен өнерпаз студенттерге қонақтар ерекше риза болып, зор қошеметтерін көрсетті.
Әже мен Қария бейнесін сомдаған кафедра қызметкерлері А.Смағулов пен М.Жакитоваға, «Бастаңғы» дәстүрін көрсеткен студенттерге және тағы басқа қатысушыларға көрермендер үлкен ризашылықтарын білдірді.
Арнайы дайындалған мерекелік дастарханнан барлық қонақтар мен студенттер дәм татты.