2022 жылдың 28 наурыз күні С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ұйымдастыруымен «Денсаулық сақтау жүйелеріміздің болашағы: беделі, мотивациясы, алғашқы медициналық-санитарлық көмекке арналған құзыреттер» тақырыбы аясында студенттермен онлайн кездесу өтті. Атаулы кездесуге Семей медицина университетінің білім алушылары онлайн қатысты. Кездесуде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният және ДДҰ Еуропалық аймақтық директоры Ханса Клюге сөз сөйледі.
Студенттер алдында сөйлеген сөзінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният: «Жыл өткен сайын мамандықтың беделі артып, медицинаға қызығушылық танытатын жастар көбейіп келеді. Медициналық ЖОО жыл сайын 9000 астам маман бітіреді. 2021 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі грант құнын өсірді, бұл медициналық жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға айтарлықтай әсер етеді. Бүгінгі таңда 8 ЖОО республиканың білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген 60-тан астам медициналық мамандық бойынша білім береді» деді.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің рөлін күшейту қажеттігін атап өтті. Ол еліміздегі АМСК және медициналық білім берудің жай-күйі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Медицина факультетінде оқитын студенттерге берілетін гранттар мен шәкіртақылардың құнын көтеру, медициналық жоғары оқу орындарының ауылға жұмыс істеуге келген түлектері үшін әлеуметтік пакетті жақсарту туралы аталып өтті.