2022 жыл 17 мамыр күні ҚР ҰҒА академигі Т.Қ Раисов атындағы молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасында, 2022 жылы 5 маусым күні өтетін Республикалық референдуммен танысу отырысы өтті.
Кафедра меңгерушісі Оразалина Айнаш Сапарқызы сөз сөйлеп, кафедра оқытушылары мен лаборантты Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен, “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасымен, Республикалық референдумның негізгі тармақтарымен және маңыздылығымен таныстырды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы халыққа Жолдауында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша өзінің бейне үндеуінде саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынғаны белгілі. Ол қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты талқыланды. “Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшудеміз. Бұл сапалы ауысуды екінші Республика деп атауға болады. Жұмыс тобы Негізгі Заңның 33-бабына түзетулер дайындады, ал бұл бүкіл Конституцияның үштен бірі. Аталған өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңеске берілді, ол жуық арада өз үкімін шығарады. Республикалық референдум-Конституцияның, конституциялық заңдардың, заңдардың және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өмірінің өзге де аса маңызды мәселелері жөніндегі шешімдердің жобалары бойынша бүкілхалықтық дауыс беру”, – деді Қ.Тоқаев.
Кафедра оқытушылары ҚР Конституциясына енгізілген түзетулермен және өзгерістермен танысып, пікір алмасты. Оқытушылар сондай-ақ бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияны өзгерту халықтың ерік білдіруінің жарқын көрінісі болатынын атап өтті. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беріп, жан-жақты демократияландыру мен “жаңа Қазақстанды” құру жөніндегі бағытымызды нығайтады. Референдумды бірауыздан қолдады.