Қорғаныс Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бұйрығына сәйкес, «Семей медицина университеті» КеАҚ әскери кафедрасында 20 шілде 2022 жылы 4 курс студенттерінің оқу-жаттығу жиындары (кәсіптік практикасы) сағат 08.00-де салтанатты түрде басталды.
Мемлекеттік әнұранмен ашылған жиын әскери кафедра бастығы м/қ полковнигі Ш.Орынбасаровтың және офицерлік жеке құрамның курсанттарға деген ізгі ниеттерімен жалғасты.
«Студенттердің оқу-жаттығу жиындары – әскери дайындықтың аяқталу кезеңі болып табылады. Мұнда студенттер екі жыл бойы жинаған білімдері мен дағдыларын бекітеді. Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрінің бұйрығына сәйкес әр студент ант қабылдап, қару-жарақтармен жаттығып, қорытынды емтихан тапсырады. Қорытынды емтиханнан кейін студенттер запастағы «м/қ лейтенанты» және запастағы «кіші сержант» бірінші әскери атағын алуға дайын болып есептеледі», – деді оқу-жаттығу жиынының бастығы запастағы полковник Мамыканов Р.Т.
Оқу-жаттығу жиыны «медицина қызметінің лейтенанты» запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша білім алушы студенттерге екі кезеңде:
бірінші кезең 20.07.-02.08. 2022 ж. аралығында – әскери кафедра базасы негізінде;
екінші кезең 03.08. – 24.08.2022 ж. аралығында– ер балаларға 30217 әскери бөлімінде, олардың оқу-материалдық базасын пайдалану арқылы және қыз балаларға Семей қаласының Әскери госпиталінде жүзеге асырылады.
«кіші сержант» запастағы сержант бағдарламасы бойынша білім алушы студенттерге бір кезеңде:
20.07.-10.08. 22ж. аралығында – «СМУ» КеАҚ оқу-материалдық-техникалық базасын пайдалану арқылы Әскери кафедрада жүзеге асырылады.
Оқу-жаттығу жиынының мақсаты:
– Оқу-жаттығу жиыны әскери дайындықтың теориялық курсын оқып үйрену кезінде игерілген студенттердің командалық, әдістемелік шеберліктерін жетілдіру және практикалық дайындық мақсатында жүзеге асырылады. Курсанттар жиын барысында саптық дайндықтарын , әскери қызметтегі тәуліктік кезекшілікті алып-жүру тәжірибесін жетілдіреді, әскери техника мен әскери-есептік мамандықтарына сәйкес әскери бөлім міндеттерімен танысады.
Әскери дайындықтың толық курсын аяқтап, оқу-жаттығу жиындарынан (кәсіптік практикадан) өткен, әскери дайындықтан қорытынды мемлекеттік бітіру емтиханын тапсырған студенттерге университетті бітіргені туралы диплом алғаннан кейін белгіленген тәртіппен запастағы «медицина қызметінің лейтенанты» және запастағы «кіші сержант» бірінші әскери атақтары беріледі.
Тәрбие жұмысына жауапты
медицина қызметінің подполковнигі Н.Смаилов