Профессор М. М. Уразалинның 80 жас мерейтойы. Микробиология кафедрасы

Профессор М. М. Уразалинның 80 жас мерейтойы. Микробиология кафедрасы

Мерейтойыңыз құтты болсын, Құрметті Марат Маутқанұлы!

2022 жылы қазан айының 15-ші жұлдызында «Семей Медицина Университеті» КеАҚ Микробиология кафедрасының еңбек сіңірген профессоры Марат Маутқанұлы Уразалин 80 жасқа толған мерейтойын атап өтті. Осы айтулы оқиғаға орай, Марат Маутқанұлын университет басшылығы, кәсіподақ комитеті, шәкірттері, және профессор М. М. Уразалин атындағы микробиология кафедрасының ұжымы құттықтады.

Марат Маутқанұлы Уразалин 1942 жылы 15 қазанда Көкпекті ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Ақсуат ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Семей қаласының медицина институтына оқуға түседі. 1959-1965 жылдары СМИ студенті болды. Студенттік жылдарының өзінде-ақ ғылыми ізденістерге бейімділік танытқан қабілетті студент ретінде университетті бітіргеннен кейін бірден микробиология кафедрасына жұмысқа орналасуға ұсыныс жасайды. Көп ұзамай Харьков медициналық институтының аспирантурасына түсті. Аспирантураны бітірген соң “Иммунология” мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғап, туған институтына оралып, микробиология кафедрасының ассистенті болды. Кәсіби қызметпен қатар қоғамдық жұмыстарға да көп уақыт бөлді. 1990 жылдары Марат Маутқанұлы оқу-ісі жөніндегі проректор қызметін атқарды. Бұл мемлекетіміздің қалыптасуының қиын жылдары, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіне түрлі жаңалықтар енгізілген, оларды жүзеге асыру үшін үлкен күш-жігерді қажет ететін жылдар болды. 2002 жылы микробиология кафедрасының профессоры атағын алды. Қазақстанда ядролық қаруға қарсы қозғалыс басталған кезде оның алғашқы белсенділерінің бірі болып, Марат Маутқанұлы 1989-2000 жылдары «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының төрағасы болды.

Ол Жапонияда ядролық қаруға қарсы қозғалысқа байланысты түрлі форумдар мен конференцияларға қатысты. Марат Маутқанұлының еңбегінің арқасында университет халықаралық ынтымақтастықты дамытып, көптеген шетелдік университеттермен және ұйымдармен берік байланыс орнатты және де бұл әріптестік байланыстары күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Сондай-ақ, мерейтой иесінің көптеген керемет қасиеттерін атап өткіміз келеді, оның ішінде жоғары кәсібилік, еңбекқорлық, жұмысқа деген адалдық, мейірімділік, жауаптылық және үлкен жүрек, соның арқасында Марат Маутқанұлы университеттегі өзінің ұжымының және университеттен тыс ұжымдардан лайықты құрмет пен алғысқа ие болды.

Жетістіктерге тоқталатын болсақ, Марат Маутқанұлы тамаша жұмысы мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін университет басшылығы атынан «Алғыс хат» грамотасымен марапатталды.

Құрметті, Марат Маутқанұлына шынайы алғысымызды білдіре отырып, зор денсаулық, белсенді шығармашылық, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Профессор М. М. Уразалин атындағы Микробиология кафедрасы.[/vc_column_text][vc_single_image image=”122896″ img_size=”large” alignment=”center” onclick=”link_image” lazy_loading=”true”][/vc_column][/vc_row]