Тәуелсіздік бастауы – желтоқсан оқиғасы

Тәуелсіздік бастауы – желтоқсан оқиғасы

Ел тарихы үшін маңызы зор атаулы күн – Тәуелсіздік күніне орай, 2022 жылғы 13 желтоқсан күні Семей медицина университетінде жалпы білім беру пәндері кафедрасының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік бастауы – желтоқсан оқиғасы» тақырыбында қалалық дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел модераторы, тарих ғылымдарының кандидаты Майра Ибраемова іс-шара мақсатымен таныстырып, желтоқсан құрбандарының рухын еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялады.

Дөңгелек үстел жұмысы «СМУ» КеАҚ Басқарма Төрағасының академиялық және тәрбиелік жұмыс жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Жанаргүл Смаилованың кіріспе сөзімен бастау алды. Басқосуға қалалық мәслихат депутаттары, Шәкәрім университетінің профессорлары, Семей медицина университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында жалпы білім беру пəндері кафедрасының меңгерушісі, саясаттану ғылымдарының докторы Гульмира Уранхаева «Бірлік пен келісім – Тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы құндылығы» тақырыбында баяндама жасады. Қалалық мәслихат депутаты, “AMANAT” партиясы Абай облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Майра Құржықаева «Тəуелсіздік – ең басты игілік, баға жетпес құндылық!» тақырыбында сөз сөйледі. Шәкәрім университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Амантай Исин «Тəуелсіздікке ұмтылған қазақ жастары» тақырыбында ой өрбітті. Сонымен қатар, жалпы білім беру пəндері кафедрасының аға оқытушысы Ғалымбек Базарбеков «Тəуелсіздік жылдарындағы ұлттық тарихты ақтау, зерттеу жəне зерделеу: бағыттары, кезеңдері, ерекшеліктері» тақырыбындағы баяндамасын жұрт назарына ұсынды.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктер, елдің экономикалық-саяси дамуының кезеңдері туралы еркін пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.

Жарияланды: