2022 жылғы 28 желтоқсанда “Қоғамдық денсаулық сақтау” факультетінің 2 мен 4 курс және “Фармация” факультетінің 3 курс студенттерге арналған Қоғамдық денсаулық кафедрасында медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге, пациенттердің құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған заң жобасының тұжырымдамасын түсіндіру бойынша дөңгелек үстел өткізілді.
Заң жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2020 жылғы 27 мамырдағы үшінші отырысында берілген Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында, кәсіптік қызметке кепілдік беруді қоса алғанда, медициналық қызметкерлердің заңдық және қаржылық қорғалуы мен жауапкершілігі жүйесін әзірлеу және енгізу бөлігінде, сондай-ақ іс-шараларды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру қажеттілігімен негізделген, 2021 жылғы 12 қазандағы № 725 “Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау” ұлттық жобасында бекітілген және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Білім алушыларға осы заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негіздемесі, оның мақсаты, реттеу мәні мен құрылымы түсіндірілді. Заң жобасын әзірлеу кезінде шет елдердің тәжірибесі зерделеніп, назарға алынғанын атап өту қажет. Дөңгелек үстел барысында білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.