Қазақстан халқы биыл жетінші жыл қатарынан Алғыс айту күнін атап өтіп отыр. Елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісімнің салтанат құрған күні екенін білім алушыларға кеңінен түсіндіру мақсатында ақпараттық-танымдық дәріс оқылды. Тағдырдың тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерген бұл мерекенің қазақ елі үшін де, өзге ұлттар үшін де маңызы зор. Бұл күн – қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш-қайғыны бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын күні. Аштық пен қуғын-сүргін қасіретін көрсе де, кеңпейіл халқымыз қолындағы соңғы нанымен бөлісіп, олардан көмегін аямады. Осылайша Қазақстанға күштеп қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің екінші Отанына айналғандығын тарихи мәліметтер арқылы жан-жақты түсіндіріліп өтті.
Атаулы күнге орай, жалпы білім беру пәндері кафедрасының оқытушысы Т.У. Джакипованың «Алғыс айту – парызымыз» атты тақырыпта ақпараттық-танымдық дәрісі білім алушылардың бойында қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және өз Отанына деген мақтаныш сезімін ұялату, Қазақстанда тұратын түрлі халықтардың тарихы мен мәдени мұрасымен таныстыру, студенттердің ой-өрісін кеңейту жолындағы маңызы зор шара болды деуімізге болады. Университет қабырғасында білім алып жатқан өзге ұлт өкілдері де осы шараға қатысып, Қазақстан халқына, білім ордасы қызметкерлері мен оқытушыларға, қатарластарына өз алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Жалпы білім беру пәндер кафедрасының
оқытушысы Л.К. Садықова