Көптеген әнші, атақты адамдардың кішкентай кезіндегі әңгімелеріне сүйенсек: “Сахнада ұйықтап калған кездерім болатын немесе әнді жастайымнан айтатынмын” – деп жатады. Иә, әркім өз мамандығын қалай таңдағанын айтқанда естеріне түсіріп жатады. Осы әншілер сияқты мен де кішкентайдан фонендоскоппен жүрегімді тыңдап, хирургиялық инструменттермен ойнайтын едім. Себебі, әжем дәрігер-терапевт болды. Көптеген медициналық кітаптарын, күніне 1 рет болса да қызық көріп әпкелеріммен қарайтынбыз. Терапия, микробиология, медициналық энциклопедия кітаптарының суреттері мені өте қатты еліктіретін, түсінбеген сұрақтарымды әжеме қоятынмын. Әрине, әжем аурулардың қалай пайда болатындығын, ондай ауыр жағдайға жетпеудің жолын айтып түсіндіретін.
Міне, биыл Семей медицина университіне түстім. Таңдаған мамандығым – дәрігер, яғни өмірімді медицина саласымен байланыстырдым. Қазіргі алға қойған мақсатым дәрігер болуға армандап жүрген оқуымды үздік бітіру. Ол үшін адамда өзінің бойында осы дәрігерлік мамандыққа деген сүйіспеншілігі мен өзіне деген сенім болуы қажет. Дәрігерлік мамандыққа жету екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Дәрігер болу арманыма инемен құдық қазғандай еңбек етудің арқасында жетемін. Меніңше, дәрігер болу қолымнан келеді. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет. Дәрігер болу «Үлкен мәртебе» деп білемін және үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Мамандық өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істелген іс биігіне жеткізетін қанат.
Дәрігер — арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек деген айтқан Гиппократтың ұлы да, ұлағатты сөздері бар. Медицинаның атасы Гиппократтың тағы бір сөзін негізге алсақ: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болу керек деген екен. Дәрігерлік тек оқумен ғана шектелмейді, дәрігер болу ол да бір өнер! Осы ұғымдарды тереңінен қарастырар болсақ, ол сөздің мағынасы: арыстандай айбатты деген еш нәрседен қорықпайтын өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін деген мағынада, ал қыздай икемді деген өз ісіне байыппен, өз ісіне сеніммен қарай білетін жандар, ал анадай мейірімді деген науқастарға мейірімін төге білетін өзінің анасы өзіне қандай мейіріммен қараса, ол да науқастарға сондай мейіріммен қарай білетін жандар деп ойлаймын. Егер осы аталған қасиеттердің барлығы мамандық иесінің бойынан табыла білсе, ол үздік дәрігер атанар еді.
Медицина саласында оқудың өзі 9 жылды талап етеді. Әрине, адам өмірімен байланысты болғаннан соң өмір бойы оқу және үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Дәрігерлердің мойнына үлкен жүк артылады. Иә, айта кету керек, қазіргі кезде дәрігерлер жайлы жағымсыз әңгімелер, оқиғалар жетіп артылады. Дәрігерерді қатыгез, мейірімсіз ретіндеде сиппаттап беретіндер баршылық. Сол үшін дәрігер ісіне адал, науқасты ести алатын, шымдамды, сабырлы тұлға болу қажет. Әр жағдаяттарда өз шешімін таба алуы үшін медициналық әдебиеттерді, ақпараттарды оқып, өзін-өзі дамытып, жетілдіріп отыруы тиіс.
Ойымды қорытындылайтын болсам, «медицина» ғылым саласын таңдамастан бұрын медицинаның барлық қырларын ой елегінен өткізіп, осы мамандықтың оң, теріс жақтарын қарастырулары абзал! Дәрігерлерге қойылатын жауапкершілік өте көп! Мен айтар едім, жақсы дәрігер болу үшін ең алдымен жауапкершілік болуы керек.

