«Семей медициналық университеті» КеАҚ Абай облысында болған өрттің салдарынан қаза тапқан жерлестеріміздің отбасыларына көмек көрсетуге бағытталған шараларды қолдайды.
Басқарма төрағасы-ректор А.А. Дюсуповтың басшылығымен қажетті гигиена заттар, азық-түлік және дәрі-дәрмек түрінде гуманитарлық көмек көрсету бойынша жедел штаб құрылды. Сондай-ақ зардап шеккендерге жәрдемдесетін қайырымдылық қорының есепшотына аудару үшін қаражат жинау жүріп жатыр.
«СМУ» КеАҚ білім алушыларының қатарында «Семей орманы» МОТР Ново-Шульба филиалының ерлікпен қаза тапқан қызметкерінің отбасынан шыққан, «Мейіргер ісі» білім бағдарламасы бойынша оқып жатқан студент бар. Оған оқуын тегін тәмәмдауға мүмкіндік беру туралы шешім қабылданды.
Абай облысының Бородулиха және Ново-Шульба аудандарынан келген білім алушыларға емтихандарды жеке кесте бойынша тапсыру мүмкіндігі берілді. Ал өндірістік іс-тәжірибесі басталып кеткен студенттерге іс-тәжірибеден кейінірек, басқа кезеңде өтуге жағдай жасалды.
«СМУ» КеАҚ-да өрт салдарынан қаза тапқан және зардап шеккен жанұялардан шыққан білім алушыларға университет жатақханаларында тегін тұруға мүмкіндік беріледі.