Диссертация қорғау: Сиязбекова З.С

Диссертация қорғау: Сиязбекова З.С

Бүгін «СМУ» КеАҚ-да Зухра Сиязбекқызы Сиязбекова диссертациялық кеңес отырысында философия докторы (PhD) дәрежесін алуға арналған диссертациясын қорғады. Мамандық атауы: «6D110200-Қоғамдық денсаулық сақтау». Өзекті мәселені зерттеген ғылыми жұмыстың тақырыбы – «Жүректің ишемиялық ауруын емдеудің хирургиялық әдістерінің тиімділігін талдау». Диссертациясын «СМУ» КеАҚ-ң «Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының» базасында орындаған З.С. Сиязбекованың ғылыми кеңесшілерінің қатарында медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент–мүшесі, «Primary Health Care» Ұлттық Қауымдастығының Президенті Рахыпбеков Төлебай Қосиябекұлы, медицина докторы, PhD, қауымдастырылған профессор Мысаев Аян Оралханұлы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Удин қаласы (Италия) Удин мемлекеттік университеті басқару кафедрасының меңгерушісі және экономика және менеджменттегі аналитикалық жұмыс зертханасының ғылыми жетекшісі Брузати Лука Джиованни Карло бар.
Ғылыми жұмысын қорғаған талаптанушы Сиязбекова З.С. сөзінің басында жүрек-қан тамырлары аурулары өмір сүру ұзақтығының төмендеуіне және еңбекке жарамды ересектердің арасындағы өлім-жітімнің көп болуының басты себептерінің бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты жүректің ишемиялық ауруын емдеудің хирургиялық әдістерінің нәтижелерін кешенді зерттеу негізінде тері арқылы коронарлы араласудан және аорта-коронарлы шунттаудан өткен науқастар үшін оңалту шараларын оңтайландыруды зерттеуінің мақсаты етіп алғанын жеткізді. Диссертацияны орындау барысында ШҚО және Павлодар облысындағы ТКА және АКШ өткен барлық науқастардың деректеріне жасалған талдаулары мен ДДҰ WHOQOL-BREF сауалнамасының қысқаша түрі арқылы жүргізілген ТКА немесе АКШ операциясынан кейінгі пациенттердің өмір сүру сапасын бағалаудың нәтижелерін ортаға салды.
Ғылыми жұмысының сипаты жайлы айтып, нақты мәліметтерімен бөліскеннен кейін Сиязбекова З.С. диссертациялық кеңестің тұрақты және уақытша мүшелерінің, рецензенттерінің тақырып бойынша қойған сұрақтарына жауап беріп диссертациясын сәтті қорғап шықты.