«Қазақтың қанатты қыраны»

«Қазақтың қанатты қыраны»

2024 жылдың 26 ​​қаңтарында 3516 топта әскери кафедраның аға оқытушысы, запастағы медицина қызметінің подполковнигі Н.С.Смаиловтың жетекшілігімен есімі аңызға айналған ұшқыш Нұркен Әбдіровтің 105 жылдығына арналған «Қазақтың қанатты қыраны» атты кураторлық сағат өтті.

Нұркен 1919 жылы Қарқаралы өлкесінде дүниеге келді. Өмірінің 22 жылы Екінші Дүниежүзілік соғыспен тұспа тұс келді. Оның ерлік жолындағы тарихы 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылудан басталды.

1941 жылы Ворошилов ұшқыштар училищесін бітіргеннен кейін 1942 жылдың 9 қазанынан бастап әскери қимылдарға қатысты. Алайда, 1942 жылдың 19 желтоқсаны батырдың 17-ші және соңғы жеңісінің куәсі болды. Сол күні ол түтін мен жалын бұлттарының арасында жанып жатқан ұшағын тікелей жау шоғырына ұшырды. Бұл – тарихта ізі қалған ерлік болды.

Студенттер есімі ел есінде қалған қазақ батыры – Нұркен Әбдіровтың өмірбаянымен танысты. Батырдың ерлігі оларға тағылымы мол тарихтан сыр шерте отырып, өткен мен қазіргі күннің ортасын жалғаған көпір іспеттес болды.  Нұркен Әбдіровтің көзсіз ерлігі жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын арттырып, тұла бойларын шымырлатқаны сөзсіз. Сонымен қатар, «Қазақтың қанатты қыранын» танытқан батырлық  зұлмат сәттерде де өз ерлігіңнен жарық сәуле мен күш-қуат табуға болатынын еске түсіреді.

Біз, жас ұрпақ, қазақ батырларының  ерліктері ұмыт болмайтынына сенімдіміз.

3516 топ студенті Мәлікова Еңлік  Асхатқызы