14 наурыз 2024ж ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Т. А. Назарова атындағы физиологиялық пәндер кафедрасында «Көрісу күні» мейрамы атап өтілді.
Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін шеке асына шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді.
Бұл күні университетіміздің бас корпусындағы бірнеше кафедраларының профессорлық-оқытушылық құрамы мен құрылымдық бөлімшесінің қызметкерлері шақырылды. Кафедрамыз мерекелік дастархан жайып, оған ұлттық ет (қазы, қарта, жая), сүт (наурыз көже, қымыз, қатық, құрт) және ұннан (шелпек, бауырсақ, жент, санза, қиықша) тәтті тағамдар қойылды. Шақырылған қонақтар ұйымдастырылған шараға ризашылықтарын білдірді, өйткені күнделікті күйбең тірлікте бізге кездесіп, көрісуге уақыт табылмайды.