Наурыз мейрамы жер бетіндегі ең көне мерекелердің бірі. Ол көктемгі жаңару, бірлік, татулық пен ізгілік мерекесі ретінде тойланып келе жатқанына бес мың жылдан асты. Наурыз Қазақстандағы құнарлылықты, достық пен махаббатты білдіреді. Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі адамның ең жақсы қасиеттерін – ашықтықты, ақкөңілділікті, жауаптылық пен мейірімділікті ашуға бағытталған.
Наурыз айының 14-і күні Наурызнаманың онкүндігі басталып, 23 наурызға дейін жалғасады. Онкүндіктің әр күнінің өзіндік мәні бар. Наурызнама онкүндігінің үшінші күні 16-сы мәдениет пен өнерді, ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған. Бұл күні Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында КеАҚ «СМУ» шетел бөлімінің студенттері мен оқытушыларына арналған «Қош келдің – Наурыз» атты мерекелік шара өтті. Шараға симуляция және білім беру технологиялары кафедрасының оқытушылары Ван О.Т., Ықыбаева Н.Б. және 2 және 3 курс студенттері қатысты. Кітапхана мамандары аталмыш шараға келген қонақтарды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады. Мерекелік іс – шарада «Қазақтың ұлттық салт – дәстүрлері» көрмесіне шолу жасай отырып, «Наурыз» викторинасы, «Наурыз көже», «Наурыз сөзі», «Ақ тілектер», «Қазақтың ұлттық биі Қара жорға» ойындары өткізілді. Шарада мерекелік көңіл-күй, қуаныш пен жақсылық атмосферасы орнады. Студенттер көптеген қызықты және танымдық ақпараттармен танысып, үлкен ықыласпен, белсенділікпен қатысты. Іс – шарада студенттер флешмоб «Қара жорға» биін билеп, ұлттық тағамдардан жайылған дастарханнан дәм татты. Ойынға белсене қатысқан қатысушыларға кітапхана атынан сыйлықтар берілді. Шара соңында естелік ретінде бірлескен суретке түсті. «СМУ» КеАҚ шетел бөлімінің студенттері мен оқытушылары мерекелік шаранының ұйымдастырушыларына қонақжайлылық көрсеткендері үшін алғыстарын білдірді.