24.04.2024 ж. неврология, офтальмология және оториноларингология кафедрасының базасында кафедра ассистенті Биниязова Айгерім Абылайханқызының жетекшілігімен Жалпы медицина факультетінің 3-курс студенттері мен резидент-неврологтардың қатысуымен студенттік ғылыми үйірменің кезекті отырысы өтті. Отырыстың тақырыбы сирек кездесетін неврологиялық ауру – қайтымды церебральды вазоконстрикция синдромы болды. Осы тақырыпта резидент-невропатолог А. Е. Еркинова баяндама жасады. Қайтымды церебральды вазоконстрикция синдромы жүктілік кезінде және босанғаннан кейінгі әйелдерде, вазоактивті заттарды қолданатын адамдарда кездеседі. Қан тамырларының тонусының реттелмеуіне байланысты ми тамырларының кенеттен тарылуы байқалады. Ауру әдетте қатерсіз және өздігінен басылады, қатты бас ауруымен, кейде ошақты неврологиялық белгілермен сипатталады. Алайда, ол ишемиялық немесе геморрагиялық инсультпен асқынуы мүмкін, сондықтан ауыр зардаптарды болдырмау үшін уақтылы диагноз қою және тиісті емдеу қажет. Баяндамашы осы синдромды, оның диагностикасы мен емін егжей-тегжейлі баяндап, клиникалық жағдайдың мысалын келтірді. Соңында қатысушылар өз сұрақтарына жауап алып, осындай кездесулердің өнімділігі мен пайдасын атап өтті.