ҚР ҰҒА академигі Т.Қ Раисов атындағы молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасында «Педиатрия» ОБ 1231-ші кураторлық тобымен «Майдан шебіндегі қазақ батырлары» тақырыбына кураторлық сағат өтті. Кураторлық сағат Халық қаһарманы, Рейхстагқа ту тіккен батыр – Рақымжан Қошқарбаев пен Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдықтарына орай өтті.
Тәрбие сағаты барысында Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтың өмірбаяндары, майдан шебіндегі ерліктері мен марапаттары, соғыстан кейінгі еңбек жолдары мен еліміз үшін жасаған адал істері туралы мәліметтер айтылды. Топ студенттерін, әсіресе, Батыр аталарымыздың соғыс уақытында жасаған ерліктері мен батыл істері таң қалдырды. Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов 1945 жылдың 30-сәуірінде Берлиндегі Рейхстагқа алғашқы болып жетіп, ту тіксе, ал Сағадат Нұрмағанбетов 1945 жылдың 17-қаңтарында Польшаның Магнушев плацдармындағы шайқаста асқан ерлік көрсеткен.
Кураторлық топ студенттері Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жанкешті еңбектерін бағалап, болашақта ұмытпай, кіші ұрпаққа дәріптеуді мақсат етті.

