Асылбеков Еран Мырзабосынұлы 1963 жылы 03 ақпанда Семей қаласында қызметкерлер отбасында дүниеге келді. Семей облысы Аягөз ауданы Мыңбұлақ ауылының орта мектебін үздік бітіріп, 1980 жылы Семей мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне түсіп, 1986 жылы “емдеу ісі” мамандығы бойынша бітірген. 1986 жылы Жамбыл қаласында хирургия мамандығы бойынша интернатурадан өтті. 1987 – 1990 жылдары Жамбыл облысы Жаңатас қаласының медициналық – санитарлық бөлімінде хирург – дәрігер болып жұмыс істеді. 1990-1992 жылдары Новокузнецк қаласындағы ДБЖИ – да хирургия мамандығы бойынша клиникалық ординатурада оқыды. 1992 жылдан 1996 жылға дейін Семей қ. облыстық клиникалық ауруханасының хирургиялық бөлімінің хирург – дәрігері, 1996 жылдан 2008 жылға дейін – операциялық бөлімнің меңгерушісі, 2008 жылдың наурызынан бастап қазіргі уақытқа дейін “Семей медицина университеті” КеАҚ университеттік госпиталі ересектер стационарының хирургиялық бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді.
Е.М. Асылбеков 2002 жылы «Он екі елі ішектің перфорацияланған ойық жарасында хирургиялық тактиканы жетілдіру» тақырыбында кандидаттық диссертацияны қорғады. Ол 75 ғылыми мақала, 5 патент, 10 рационализациялық ұсыныстардың авторы. «Жалпы хирургия» бойынша жоғары санатты хирург. Клиникалық хирургияның өзекті және таңдамалы бағыттары бойынша Қазақтан Республикасының, Ресейдің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарында, клиникаларында біліктілікті жетілдіру курстарын өтіп, мамандығы бойынша жоғары санатқа жетті. Ерлан Мырзабосынұлы білікті клиницист, ауқымды кәсіби білімі мен тәжірибелік дағдылары ұштасқан жоғары санатты хирург, Абай облысы хирургиялық қызметінің жетекші хирургтері және ұйымдастырушыларының бірі.
Ол қалғанша безіне, өкпеге, өңешке, көкірек ағзаларына, бүйрекүсті бездеріне, асқазан – ішек жолдарына, гепатобилиопанкреатикалық аймақ ағазаларына жасалатын операциялар, колопроктологиялық операциялар техникаларын жетік меңгерген. Клиникада келесі операцияларды енгізді: күрделі вентралдық жарықтарға орай жасалатын Яновтың аутодермопластикасы, перитонит кезінде қолданылатын бағдарламалы лапаростомия, Черноусов бойынша абдоминоцервикалдық ену арқылы бір сәттік артқы медиастинальды эзофагогастропластика мен өңештің субтотальды резекциясы, өт қабы және өт жолдарына, диафрагма жарықтарына, гинекологиялық аурулар кезінде жасалатын эндовидиохирургиялық операциялар.
Е.М. Асылбеков облыстың хирургтер қоғамының мүшесі, хирургия сұрақтары бойынша жетекші сарапшы ретінде үнемі қызмет көрсетеді. Еліміздің алдыңғы қатарлы хирургтерімен қарым – қатынастың арқасында клиникаға хирургиялық аурулар диагностикасы мен емінің заманауи әдістері мен тәсілдерін енгізді.
Ерлан Мырзабосынұлы интерндерді, резиденттерді оқытуға клиникалық тәлімгер ретінде белсенді қатысып, жас әріптестерімен терең білімі мен орасан клиникалық тәжірибесімен үнемі бөлісуде. Көп жылдық адал еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, облыс және қала әкімінің Құрмет грамоталарымен, “Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау үздігі” төсбелгісімен, «Алтын скальпель» номинациясымен марапатталған.
Ерлан Мырзабосынұлы жоғары адамгершілік қасиеттерінің, қағидалы өмірлік ұстанымдарының, терең кәсіби білімі мен дағдыларының арқасында әріптестер, студенттер, науқастар арасында лайықты құрметке ие. Бүгін де ол ұйымдастырушы – көшбасшы, педагог-тәлімгер, дәрігер-клиницист ретінде табысты жұмысын жалғастыруда. Жұбайы Гүлнар Қабдырашімқызымен 3 бала тәрбиелеп өсірді. Отбасында қарқоршы және сүйікті жар, әке, ата. Семей медицина университеті ұжымы, Абай облысының медициналық қоғамы Ерлан Мырзабосынұлына зор денсаулық, баянды ғұмыр, шығармашылық және дәрігерлік қызметіне толағай табыстар мен жетістіктер тілейді.
«Семей медицина университеті» КеАҚ ұжымы.