2023 жылдың 3-қарашасында Д.М.Тусупова атындағы педиатрия және медициналық реабилитация кафедрасының ассистенті Ж.К. Дәулетжарованың жетекшілігімен 719-топтың жалпы тәжірибелік дәрігер-интерндері инсультпен күресу апталығына арналған “Инсульт туралы не білуіміз керек?” тақырыбында санитарлық-ағарту жұмысын жүргізді. Аталған іс-шара “Абай облысының мүгедектігі бар адамдарды реабилитация және оңалту орталығы” КММ клиникалық базасының спорт залында ересектер бөлімінің қызмет алушыларымен өтті. Бұл санитарлық – ағарту жұмысының мақсаты науқастардың инсульт мәселесі, алдын алу шаралары, осы аурудың пайда болу қаупі туралы ақпараттылығын арттыру болды. Жалпы ақпарат алу үшін интерндер инсульт белгілері туралы, жоғары қан қысымы, төмен физикалық белсенділік, темекі шегу, қант диабеті және т.с.с сияқты қауіп факторлары сипатталған ақпараттық буклет жасап таратты. Санитарлық-ағарту жұмысы барысында науқастар белсенді қатысып, инсульттің алдын алуға және инсульттан кейінгі оңалту шараларына қатысты сұрақтар қойды. Осы жұмыстың нәтижесінде науқастардан кері байланыс алынды және келесі ұсыныстар берілді: инсульт белгілерін және олар пайда болған жағдайда өзіндік әрекеттер мен қоршаған ортадағы адамдардың көмек көрсету тәртібін білу, профилактикалық медициналық тексерулерден уақытылы өту, қан қысымын бақылау, сондай-ақ қауіп факторларын түзету.[/vc_column_text]