KazMSA студенттік ұйымы 2024 жылдың 12-18 тамыз аралығында SCORA-X change бағдарламасы аясында шетелдік студенттерді қабылдады. Бұл бағдарлама репродуктивті денсаулық пен адам құқықтары туралы хабардарлықты арттыру мақсатында ұйымдастырылып, қатысушыларға қабылдаушы елдің денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық қызметтермен танысуға және азаматтық қоғамның АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу саласындағы қызметтері туралы білуге мүмкіндік береді.
SCORA-X change бағдарламасы студенттерге репродуктивті денсаулық саласындағы білімдерін тереңдетіп қана қоймай, әртүрлі елдерден келген әріптестерімен тәжірибе алмасуға және мәдениетаралық диалог пен кәсіби өсуге ықпал етуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында Италия, Польша және Румыния сияқты Еуропа елдерінен жеті студент Семей қаласына келді. Бір апта ішінде олар бірқатар білім беру және мәдени іс-шараларға қатысты. Олардың сапарының негізгі сәттерінің бірі қаланың жетекші медициналық мекемелеріне экскурсия болды. Студенттер Ядролық медицина және онкология орталығына барып, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерімен танысты. АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі өңірлік орталықта оларға АИТВ инфекциясының алдын алу, диагностикасы және емі туралы, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды қолдауға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық бастамалар туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ студенттер жедел жәрдем ауруханасына барып, заманауи аз инвазивті хирургиялық араласудың үлгісі ретінде лапароскопиялық миомэктомия операциясына қатысты.
Семей Медициналық Университеті де шетелдік студенттерді жылы қабылдап, өздерінің бас ғимараты бойынша экскурсия ұйымдастырды. Экскурсия барысында студенттер университеттің тарих мұражайын, сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры Маншүк Мәметоваға арналған залды көрді. Бұл зал тек маңызды тарихи оқиғаларды ғана көрсетіп қоймай, ел тарихына әйелдердің қосқан үлесін де атап өтті.
Сонымен қатар, қатысушыларға Жапония, Үндістан, Пәкістан, Түркия және Қазақстан сияқты елдерге арналған арнайы кабинеттер көрсетілді. Бұл кабинеттер шетелдік студенттерді қолдау және олардың университетте жайлы жағдайда білім алуы үшін жасалған. Еуропадан келген студенттердің бірі өз әсерімен бөлісті: «Университеттің қабырғасында мұражай мен мәдени кабинеттерді көру – бірегей тәжірибе. Мұндай ұқыптылық университеттің халықаралық ынтымақтастыққа деген үлкен қызығушылығы мен шетелдік студенттердің жайлылығына деген қамқорлығын көрсетеді».
Осы бай және алуан түрлі тәжірибе қатысушы студенттерге кәсіби дағдыларын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның мәдениеті мен денсаулық сақтау жүйесімен тереңірек танысуға мүмкіндік берді.