«Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайына саяхат

«Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайына саяхат

2024 жылдың желтоқсан айында, әскери кафедра оқытушысы запастағы медицина қызметінің подполковнигі Н.С.Смаиловтың жетекшілігімен, біз 4117 топ студенттері, «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайына саяхат жасадық.

Бұл іс-шараны Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне орайластырдық. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімі ретінде 1997 жылы тарихи ғимаратта ашылған бұл музейдің ұлтымыз үшін өзіндік үлкен тарихи маңызы бар.

1944-1967 жылдары бұл ғимаратта Абай музейі орналасты. Кейін балалар кітапханасы жұмыс істеді.

Ұлы Абай өміріне тікелей қатысты тарихи орын ретінде 1990 жылы ғимарат ұлы ақын музейінің теңгеріміне беріліп, Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 1992-1995 жылдары аралығында музейдің уақытша экспозициясы қоныс тепті. 1997 жылы бұл ғимаратта Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы Алаш тарихына арналған тұңғыш музей «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейі ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Жаңа экспозицияның тұжырымдамасын белгілі алаштанушы ғалымдар: ҰҒА академигі Д.Қамзабекұлы және С.Аққұлыұлы дайындауға көмектесті.

Жаңа экспозицияда Алаш қозғалысы тарихының 6 кезеңі тың құжаттар мен деректер негізінде өзгеше қырынан көрсетілді. Музей экспозициясы кеңейіп, ғимараттың  бұрын бос тұрған бірінші қабатында ХХ ғасырдың басындағы үй интерьері жасалды.

Екінші қабаттағы экспозиция арнайы тапсырыспен жасалған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезовтің мүсіндерімен толықтырылды. Әйгілі балауыз фигуралар сияқты бұл мүсіндерді жасауда суретшілер заманауи материалдар – керамопласт және шыныталшық қолданды.

Оқытушымыз запастағы медицина қызметінің подполковнигі Нұрбек Саденұлы Смаиловтың арқасында еліміздің тарихынан көптеген мағлұматтар алдық және де өз алғысымызды білдіреміз!

                                                   Әскери кафедраның 4117 топ студенттері