2025 жылғы 7 ақпанда №17 орта мектеп базасында “Отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығы: Аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды оқыту мен қолдаудың тиімді тәсілдері” тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шара Абай облысының Білім басқармасы, “Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығы” және “МУС” ҰАО Психиатрия және наркология кафедрасымен бірлесе ұйымдастырылды.
Бұл семинар-тренингтің мақсаты – инклюзивті білім беру саласындағы біліктілікті арттыру. Ата-аналар мен педагогтардың теориялық білімін жетілдіру, аутизм спектрі бұзылыстары (АСБ) бар балаларды оқыту және қолдау бойынша заманауи зерттеулерге негізделген тәсілдерді талқылау, сондай-ақ коррекциялық және білім беру жұмыстарында қолданылатын практикалық құралдарды ұсыну болды.
Психиатрия және наркология кафедрасының меңгерушісі Т.М. Молдағалиев және кафедра меңгерушісінің орынбасары А.У. Ермекбаев ата-аналар мен педагогтар алдында “Аутизм спектрі бұзылыстарының клиникалық көріністері, ерте аутизмнің алғашқы белгілері және оны диагностикалау әдістері” тақырыбында баяндама жасады.
Аутизм спектрі бұзылыстарын ерте диагностикалаудың маңызы зор, себебі ол абилитациялық стратегияның уақтылы, дұрыс және тиімді болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, АСБ бар балаларға арналған бейімделген және жеке оқыту бағдарламасын әзірлеуге ықпал етеді.
Педагогика, психология, денсаулық сақтау саласы мамандарының, ең алдымен, ата-аналардың басты міндеттерінің бірі – баланың қоғамға сәтті бейімделуіне қол жеткізу.

