2025 жылғы сәуір айының 9-шы жұлдызында «Семей медицина университеті» КеАҚ ұйымдастыруымен ауқымды шаралардың бірі өтті. Жылда өткізілетін «Бос орындар жәрмеңкесі» дәстүрлі шараға айналған мереке десе де болады. Биылғы жәрмеңкеге мемлекетіміздің Жетісу, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай, Шығыс-Қазақстан, Павлодар, Абай өңірлерінен 90 (тоқсаннан) артық медицина саласы мекемелерінің өкілдері келіп қатысты. Салтанатты ашылу рәсімін Дипломнан кейінгі білім беру және ұйымдастыру мәселелері жөніндегі проректор Думан Берікұлы бастап, ары қарай Абай облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Молдабеков Талғат Қаркенұлы, Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасы персоналды басқару және облыс медициналық ұйымдарының кадр ресурстарын мониторингілеу бөлімінің басшысы Елтаева Гүлжанат Орынтайқызы сөз сөйлеген болатын. Содан соң өз медицина мекемесін таныстырып, болашақ жас мамандар үшін жасалған жағдай жайлы әңгімелеп берген медицина ұйымдарының басшылары болатын. Атап өтетін болсақ, Жарма аудандық аурухана басшысының орынбасары Алпысбаева Айжан Саятқызы, Павлодар ауданы Поликлиникасының персоналды басқару қызметінің басшысы Кошанова Алтынай Жанатқызы, Павлодар облысы бойынша Ақтоғай аудандық ауруханасының басшысы Сабырова Мадина Ануарбекқызы сөз кезегін алған болатын. Келесі кезеңмен барлық қатысушылар Университет кітапханасының оқу залына өтіп негізгі түлектерді тарту жұмыстарын бастады.
Университет тарапынан бакалавр түлектері, атап өткенде «Қоғамдық денсаулық сақтау» және «Фармация» мамандықтары, интернатура түлектері «Жалпы тәжірибелік дәрігер», «Педиатрия», «Стоматология» мамандықтары және резидентураның 37 мамандығын тәмамдайтын барлығы 800-ге жуық Павлодар, Өскемен, Семей қалаларынан білім алушылар қатысты. Түлектермен әр мекеме жеке-жеке сөйлесіп, өздеріне тарту жұмыстарын жүргізді. Түлектер жұмыс берушілердің презентацияларымен, медицина ұйымының жабдықтануымен, жұмыс, тұру жағдайлары, әлеуметтік пакет және сол сияқты ақпаратпен танысты.
Жалпы мемлекет бойынша медицина саласындағы кадрлар тапшылығы, өте жоғарғы деңгейде әсіресе аудан мен ауылда аса жоғары. Осы тапшылықты жабу мақсатымен мемлекет тарапнан ауқымды ұлттық бағдарламалар жүзеге асып жатыр, оның ішінде «Дипломмен ауылға», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» т.с.с. «Семей медицина университеті» 70 жылдан артық тарихы бар көне оқу орындарының бірі, республика үшін медициналық кадрларды оқытып шығаратын мекеме болып табылады. 70 жылдан артық уақыт бойы университет оқытудың инновациялық технологияларын енгізу және кафедралардың профессорлық-оқытушылық құрамының ғылыми зерттеулер базасын кеңейту арқылы білім беру қызметтерінің жоғары сапасын қамтамасыз етіп келеді.
Бос орындар жәрмеңкесін өткізу медицина мамандарымен қамтамасыз ету мәселесін шешу тұрғысынан Абай облысының, Шығыс Қазақстан және Павлодар өңірінің денсаулық сақтау саласы үшін зор маңызға ие. Мәселен, қазіргі уақытта Абай облысы бойынша медицина кадрлары бойынша тапшылық 158 маманды, ШҚО бойынша – 152, Павлодар облысында – 180 маманды құрайды.
Биыл «СМУ» КеАҚ-да 1111 жас маман оқуын аяқтауда. Бітіру бір уақытта 5 деңгей бойынша жүзеге асады: бакалавриат, интернатура, резидентура, магистратура, докторантура. Бакалавриат деңгейінде «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Фармация», «Мейіргер ісі» білім беру бағдарламалары бойынша 331 маман бітіреді. Интернатура деңгейінде «Жалпы тәжірибелі дәрігер», «Педиатрия» және «Стоматология» білім беру бағдарламалары бойынша 412 маман бітіреді. Резидентура деңгейінде 37 мамандық бойынша 335 маман оқуын тәмамдайды.
Білім алушыларды жұмысқа орналастыру процесі соңғы оқу жылы бойы жүзеге асады. Сондай шаралардың бірі өңірдегі аудан әкімшілігі мен аудандық бас дәрігерлерін және университетті ағымдағы жылы тәмамдайты білім алушылармен жолықтыру. Бұл кездесулер онлайн форматта өтетін бейресми кездесу десек те болады. Кездесу барысында аудан әкімшілігі жас маманға жасалған жағдай, көрсетілетін әлеуметтік көмек сынды мәлімет береді, ал аудан ауруханалырының бас дәрігері медицина ұйымының жабдықтануымен, жалақы мөлшерімен таныстырып өтеді. Білім алушылар өз тарапынан өздерін мазалайтын сұрақтарын қоюға мүмкіндік алады. Университет бастамасымен өткен осындай кездесулер Абай облысының 10 ауданымен, ШҚО-ның 9, Павлодар облысының 11 ауданымен сәтті өткен болатын.
Жәрмеңке қатысушыларына «Семей медицина университеті» алғысын білдіріп, ынтымақтастығымыз кеңейе түсетініне кәміл сенеді.