Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасарының бұйрығына сәйкес, 2025 жылғы 23 мамырдан бастап «Семей медицина университеті» КеАҚ әскери кафедрасында оқитын 4-курс студенттерімен оқу жиындары (кәсіби тәжірибе) басталды.
Оқу жиынының ашылуы салтанатты рәсіммен – Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимнін орындау және ту көтеру, сондай-ақ әскери кафедра бастығы медицина қызметінің полковнигі Ш. Орынбасаров пен әскери кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының құттықтау сөзімен басталды.
І. «Медицина қызметінің лейтенанты» запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша оқитын студенттер үшін оқу жиындары екі кезеңде өткізіледі:
1-кезең – 2025 жылғы 23 мамырдан 13 маусымға дейін – әскери кафедра базасында («Семей медицина университеті» КеАҚ оқу-материалдық базасын пайдалана отырып).
2-кезең – 2025 жылғы 14 маусымнан 24 маусымға дейін:
ұлдар үшін – №30217 әскери бөлім базасында, оның оқу-материалдық базасын пайдалану арқылы;
қыздар үшін – Семей қаласындағы әскери госпиталь базасында.
ІІ. «Кіші сержант» запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша оқитын студенттер үшін оқу жиыны бір кезеңде өткізіледі:
2025 жылғы 23 мамырдан 10 маусымға дейін – әскери кафедра базасында («Семей медицина университеті» КЕАҚ оқу-материалдық базасын пайдалана отырып).
Оқу жиындарының мақсаты:
Оқу барысында алынған теориялық білімді тәжірибелік сабақтар мен далалық жаттығулар арқылы бекіту, әскери мамандық бойынша міндеттерді орындауға қажетті дағдылар мен ептілікті қалыптастыру. Оқу жиыны барысында курсанттар саптық даярлықты – жеке және бөлім құрамында жетілдіреді; тәуліктік наряд қызметін атқару тәжірибесін алады, әскери техникамен және әскери бөлімнің әскери-есептік мамандықтарына сай міндеттерімен танысады.
Оқу жиындары барысында жеке құраммен тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Оқу жиыны аяқталғаннан кейін және әскери ант қабылдаған соң курсанттар әскери дайындық бойынша мемлекеттік қорытынды емтихан тапсырады. Университетті аяқтағаннан кейін «медицина қызметінің лейтенанты» запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша оқитындарға алғашқы офицерлік атақ, ал «кіші сержант» бағдарламасы бойынша оқитындарға сержант шені беріледі.
Осылайша, болашақ сержанттар мен офицерлер үшін оқу жиындары басталды. Жиын соңында студенттер мемлекеттік емтихан тапсырады.
Оқу жиынының қорытынды әрі салтанатты шарасы – студенттердің Қазақстан халқына адал болуға арналған қасиетті анты – Әскери ант қабылдауы болады.
Профессорлық-оқытушылық құрамға және студенттерге оқу жиынын сәтті өткізуге тілектеспін!
Тәрбие жұмысына жауапты
медицина қызметінің подполковнигі Н. Смаилов
Оқу жиыны ротасының командирі
запастағы полковник Р. Мамықанов

